Талаптыға нұр жауар

1 501

Сыр бойыБүгінде әр ата-ана баласын заманға сай жан-жақты, өнерлі етіп өсіргісі келеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "Сыр бойы" газетінің сайтына сілтеме жасап.


Сол себепті кішкене күнінен түрлі үйірмелерге қатыстырады. Оған қатысу арқылы бала өнерді меңгеріп қана қоймай, қоғаммен араласуға бейімделеді. Қатарластары арасында өзіне деген сенімі артады. Айта берсек, үйірменің балаға берері көп. Осы орайда жеткіншектер мен жасөспірімдерді өнер мен білімге баулып жүрген  «Бегім-ай» өнер орталығының жұмысымен танысу үшін орталық әкімшісі Айжамал Молдабаевамен аз-кем әңгімелескен едік.


Қаладағы «Сабалақ» саяжайы мен Тасбөгет кентінде жұмыс істеп жатқан өнер орталығы 6-17 жас аралығындағы жас жеткіншектерді қабылдайды.


"«Бегім-ай» өнер орталығы 2021 жылдан «ARTSPORT» жобасы аясында «Damu Bala» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп келеді. Мұнда балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, пайдалы дүниемен айналысуына септігін тигізетін үйірмелер бар. Бүгінде 250-ге жуық жас өрен түрлі үйірмелерге қатысады. Қазір 14 үйірме жұмыс жасайды. Онда балалардың қызығушылығына қарай дәрістер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Балалар «Домбыра», «Ән», «Би», «Күй», «Көркем оқу», «Шешендік өнер», «Сурет», «Ұлттық би», «Заманауи би», «Вокал» үйірмелеріне қатысып, қабілетін шыңдайды", – деді ол.


Өнер орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы да күн сайын жаңарып отырады. Онда түрлі бейнероликтер мен оқушылардың дәріс барысындағы жұмысын көруге болады. Шығармашылық ұжымның ұйымдастыруымен байқаулар мен қайырымдылық іс-шаралар өтеді.


"Біздің орталықтан дәріс алып жүрген балалар облыстық, республикалық, тіпті халықаралық байқауларға қатысып, бақ сынайды. Тек қатысып қана қоймай, жүлделі орынға ие болып жүрген қаншама талантты шәкірттеріміз де баршылық. Бүгінде орталықтан түлеп ұшқан бірнеше шәкіртіміз  Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде білім алуда. Алдағы уақытта олардың өнер әлемінен орын алатынына сенеміз", – деді Айжамал Алтынбекқызы.


Бүгінде балаларға арналған үйірме саны көбейіп келеді. Онда жеткіншектерге дәріс беріп қана қоймай, қиялын, көркемдік дағдысын, эстетикалық талғамын қалыптастырады. Музыкалық аспаптарда ойнау шыдамдылық пен дәлдікке шыңдаса, бейнелеу өнері баланың ұшқыр қиялын дамытады. Қолөнер үйірмесі іскерлігін, икемін дамытып, еңбекке баулиды. Әр үйірменің балалардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін  атқарар қызметі зор.


"Үйірмеде «Шалқыма» хор ұжымы,  «Жас толқын», «Жауқазын»   вокал тобы,  «Жас өркен»  домбыра ансамблі,  «Самұрық», «Сәукеле» би тобы, қолөнершілер мен суретшілер тобы бар. Барлық үйірме балаларды өмірге бейімдеп, қоғамда өздерін дұрыс ұстауға үйретеді. Сондай-ақ олардың бойындағы қабілетін дамытуға атсалысады. Балалар орталыққа келген күннен бастап өздерін еркін сезініп, ойын ашық жеткізуге дағдыланады. Шығармашылық ұжым мүшелері де олардың қоғамға бейімделіп өсуіне барынша жағдай жасап келеді", – деді орталық әкімшісі.


Орталықпен танысу барысында балалардың түрлі байқаулардан жүлделі орын иеленгенін және үздік шәкірттер қатарынан көрініп жүргенін білдік. Атап айтар болсақ, өнер ордасының үздік оқушылары Тұмарханым Икласбек, Талғат Бақытжан, Каусар Аманкелді, Гүлсезім Тыныштықбай, Сырым Жәкебай,  Сағыныш Жұмабек,  Жансұлу Оразбек және т.б. бірнеше рет республикалық және халықаралық дәрежедегі байқауларға қатысып, жеңімпаз болған. Болашақта өнер әлеміне қанат қаққысы келетін жас жеткіншектердің талабы таудай. Арманына қанат бітірген орталық ұжымы да үздік шәкірттерінің келешегінен үміт күтеді.


Қазіргі жас толқынның жаңаны үйренуге, өзін дамытуға деген құштарлығы басым. Балаға дер кезінде бағыт-бағдар беріп, бойындағы жігерін ұштауға күш салу маңызды. Оларды өмірге бейімдеп, терең білім алуына жағдай жасаса, қоғамда өз орнын табатын тұлға қалыптасады. Бұл тұрғыда «Бегім-ай» өнер орталығының берері мол және жеткен жетістіктері аз емес. Оқушыны қоғамдық маңызы, тәрбиелік мәні бар шығармашылық жұмысқа бет бұрғызып, тұлғалық қасиетін қалыптастыратын орталыққа келушілер қатары көп екенін де байқадық. Мектептен тыс үйірмелердің жұмысын көрдік. Тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, қосымша білім іздеген жас толқынның барын білдік. Өнерді меңгеруге ұмтылғандардың ықыласы қуантпай қоймады. Ұжым мүшелері де білімге, өнерге құштар талантты балаларды қабылдауға және оларға дұрыс бағыт-бағдар беруге дайын екенін жеткізді. Себебі, бұл үйірмелер – алға ұмтылған шәкірттердің келешек бағындырар белесіне апарар даңғыл жолдың бірі.


Аружан ЕРАЛЫ