ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР АРАСЫНДА ҮШ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ МЕН ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР АРАСЫНДА ҮШ КЕЛІСІМ ЖАСАЛДЫ
Бүгін Алматы қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев онлайн форматта қатысты.
Инвестициялық форум – екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды алаң. Іс-шара барысында өңірлердің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, жаңа өндірістерді іске қосу, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Қытай Халық Республикасы – Қызылорда облысының негізгі әрі ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Бүгінде өңірдің сыртқы сауда айналымының 60 пайызы Қытай Халық Республикасымен байланысты. Өткен жылдың қорытындысы
бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы Қызылорда облысының тауар айналымы 403 млн АҚШ долларына жетті.
Соңғы жылдары қытайлық инвесторлардың қатысуымен Қызылорда облысында бірқатар ірі өндірістік жобалар жүзеге асырылды. Жалпы құны 124,3 млрд теңгені құрайтын үш өндіріс орны іске қосылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосты.
Атап айтқанда, Шиелі ауданында жылына 1 млн тонна цемент өндіруге мүмкіндік беретін «Гежуба Шиелі Цемент» зауыты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 197 мың тоннаны құрайтын «Орда Гласс» шыны зауыты және қуаты 40 МВт күн электр станциясы іске қосылды.
Аталған жобалардың іске асырылуы өңір экономикасына инвестиция тартумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Үш өндіріс орнында жалпы 658 жұмыс орны құрылды. Бұл – Қытай капиталының өңірдің нақты
секторына тартылуының және өндірістік кооперацияның нақты нәтижелерінің бірі.
Қазіргі уақытта облыста қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 210 млрд теңгені құрайтын бес жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалар тау-кен өндірісі, өнеркәсіп, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларын қамтиды.
Олардың қатарында «Бурабай-Жалғызағаш» және «Талап» кен орындарында тау-кен байыту комбинаттарын салу, өрт сөндіргіштер өндірісін ұйымдастыру, табиғи газды сұйылту, мақта өсіру және өңдеу, сондай-ақ тамшылатып суару қондырғыларын шығару жобалары бар.
Жобалар толық қуатына шыққаннан кейін өңірде 815 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, өндірістік кәсіптер бойынша кадрлар даярлауға және өңір экономикасының әртараптануына ықпал етеді.
Бұдан бөлек, облыста энергетика, өңдеу өнеркәсібі, мұнай саласы, құрылыс индустриясы және ауыл шаруашылығы бағыттарында тағы алты жобаны орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа жобалардың қатарында трансформатор зауытын салу және мұнай бұрғылау қондырғыларын өндіру өндірістерін іске қосу бастамалары бар. Бұл жобалар өңірдің өндірістік базасын кеңейтіп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және импортты алмастыратын өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді.
Инвестициялық форум аясында Қызылорда облысы әкімдігі мен қытайлық компаниялар арасында үш маңызды келісімге қол қойылды.
Атап айтқанда, «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында өрт сөндіргіштер өндірісін іске қосу, Жаңақорған ауданында «Талап» тау-кен байыту комбинатын салу және мұнай бұрғылау жабдықтарын өндіру жобаларын жүзеге асыру жөнінде келісімдер жасалды.
Бұл жобалар облыстың инвестициялық әлеуетін арттыруға және жаңа өндірістік бағыттарды қалыптастыруға бағытталған. Жаңа жобалардың екеуі Үкіметтің тікелей қолдауымен құрылған «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағында орналасады.
Арнайы экономикалық аймақтың басты артықшылықтарының бірі – инвесторларға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы облысқа жаңа инвестициялар тарту және заманауи технологияларға негізделген өндірістерді орналастыру жұмыстары жалғаса береді.
Қытайлық компаниялармен ынтымақтастық тек ірі өнеркәсіптік жобалармен шектелмейді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, химия өнеркәсібі және көлік-логистика салаларында бірқатар инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласында заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу жүйелерін пайдалану және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттарына басымдық берілуде. Бұл Қызылорда облысының табиғи және өндірістік мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға жол ашады.
Өңір үшін Қытаймен инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамыту стратегиялық маңызға ие. Географиялық орналасуы, көлік-логистикалық мүмкіндіктері, табиғи ресурстары және өнеркәсіптік әлеуеті Қызылорда облысын жаңа өндірістерді орналастыруға қолайлы өңірлердің біріне айналдырып отыр.
Облыс әкімдігі шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қажетті жағдай жасау, әкімшілік кедергілерді азайту, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуде.
Алдағы кезеңде де Қытай компанияларымен әріптестікті күшейтіп, өңір экономикасының басым бағыттарына инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрақты жұмыс орындарын көбейту басты міндеттердің бірі болып қала береді.
Бүгінгі форум аясында қол қойылған үш келісім – Қызылорда облысы мен Қытай арасындағы өзара тиімді инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жасалған нақты қадам. Жаңа жобалардың жүзеге асуы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, өндіріс көлемін арттыруға және экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қызылорда облысы әкімдігі инвесторлармен өзара тиімді әріптестікті жалғастырып, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде таныту жұмыстарын одан әрі күшейтетін болады.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Қаз
Рус






