АРАЛДА КАЛЬЦИЙЛЕНГЕН СОДА ЗАУЫТЫН САЛУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжіліс өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Күн тәртібінде Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы, атап айтқанда, Аралда кальцийленген сода зауытын салу және инженерлік инфрақұрылым жүргізу, Көкшетау қаласының инфрақұрылымын дамытуға, оның ішінде жылу, су, газ және энергиямен жабдықтау объектілеріне республикалық бюджеттен қаржы бөлу, жергілікті маңызы бар 95% автомобиль жолдарын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру барысы қаралды.
Мәжілісте Дархан Амангелдіұлы Аралда кальцийленген сода зауытын салу және инженерлік инфрақұрылым жүргізу ел үшін маңызды әрі қажетті жоба екенін ерекше атап өтті.
Жиынға селекторлық байланыс арқылы қатысқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев талқыланған мәселеге орай баяндама жасады.
Облыс әкімі 2021 жылы «Чайна Гонконг Лонджи» қытайлық компаниясымен құрылтай шарты жасалғанын, алайда, геосаяси жағдайға байланысты инвестор жобаға қатысуын тоқтатқанын атап өтті.
Айта кетейік, Үкімет көрсеткен қолдаудың арқасында жобаны қаржыландыру мәселесі қаржы институттары арқылы оң шешімін тапты. «Арал Сода» серіктестігінің кальцийленген сода шығару зауытының құрылысын осы жылдың ІІІ тоқсанында бастап, 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланды.