Қызылорда облысы әкімінің орынбасары жаңадан тағайындалды
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметіне Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы тағайындалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында әріптестері облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Балмейір Сансызбайұлын құрметпен шығарып салып, бұл қызметке Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлын тағайындады.
Аймақ басшысы Балмейір Сансызбайұлы оқуға түсуіне байланысты лауазымынан өз еркімен босатылғанын айтты. Әріптесіне тындырымды жұмыстар мен ілкімді жобалардың жүзеге асырылуына өз үлесін қосқаны үшін алғысын білдірді.
«Балмейір Сансызбайұлы аз уақыттың ішінде аймақ дамуы жолында аянбай еңбек етті. Тіршіліктің негізгі күретамырына айналған облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жақсартуға 36 млрд. теңге қаржы бөлініп, ұзындығы 570 шақырым көшелер мен автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілер есебінен облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында орналасқан 3 көпірді, Қызылорда қаласындағы 3 көшені кеңейту мен 2 көпірді күрделі жөндеу үшін 300 млн. теңгеге жоба-сметалық құжаттардың әзірленуіне атсалысты. Бірінші кезекте облыс орталығындағы "Қожа Ахмет Яссауи көшесін Ә. Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін қайта жаңғырту" жобасының құжаттарын әзірлеуге керек қаржыны бюджеттен тыс көздер (демеушілер есебінен) арқылы шешуге өз үлесін қосты. Аталған жұмыстарды үйлестіру арқылы өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін дамытуда Балмейір Сансызбайұлының еңбегі бар», - деді облыс әкімі.
Балмейір Сансызбайұлына атқарған еңбегі үшін Сыр жұртшылығы атынан Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.
Облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Әрiп Хожбанов Балмейір Сансызбайұлына жылы лебізiн бiлдiрiп, сәттілiк тiледi.
Өз кезегінде, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары аймақ басшысына сенім білдіргені үшін алғысын айтты.
Ал, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып Шермағанбет Мейрамбек Зинабдинұлы тағайындалды.
Мейрамбек Шермағанбет 1972 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Тарих», «Экономика», Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Педагогика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын 1994 жылы Жаңақорған ауданындағы № 239 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1995-2004 жылдары мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Жаңақорған ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы, аппарат басшысы болды.
2004-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық білім беру, тілдерді дамыту жөніндегі басқармаларының, Қызылорда облысы бойынша білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы қызметтерін атқарған.
2016-2021 жылдары Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болған.
2022 жылдың шілде айынан осы кезге дейін Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.