ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА СЫР ИМАМДАРЫНЫҢ ҚҰРБАН АЙТҚА ДАЙЫНДЫҚ ЖИЫНЫ ӨТТІ
Қызылорда облысында Құрбан айт мерекесіне дайындық жұмыстары қарқынды түрде басталып, өңірдегі барлық мешіттер мен діни мекемелерде ұйымдастыру шаралары пысықталуда. Осыған орай Сыр өңірінің бас имамы Дастан Жанасұлының төрағалығымен арнайы жиын өткізіліп, алдағы қасиетті мерекені жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өткен басқосуға Қызылорда қаласындағы жауапты жұмыс тобы офлайн форматта қатысса, Байқоңыр қаласы мен облысқа қарасты жеті ауданның бас имамдары онлайн байланыс арқылы қосылды. Жиынның негізгі мақсаты – Құрбан айт мерекесін ел ішінде ұйымшылдықпен өткізу, халыққа қолайлы жағдай жасау, құрбан шалу рәсімдерін шариғат талаптарына сай әрі санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастыру, сондай-ақ қайырымдылық шараларын үйлестіру болды. Басқосу барысында өңірдің бас имамы Дастан Жанасұлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Құрбан айт мерекесіне байланысты берген тапсырмалары мен арнайы нұсқауларын таныстырды.![]()
Өкіл имам өз сөзінде Құрбан айт - мұсылман жұртшылығы үшін ең ұлық мерекелердің бірі екенін атап өтіп, бұл күндері халықтың мешіттерге көп жиналатынын, сондықтан барлық ұйымдастыру жұмыстары алдын ала мұқият дайындалуы қажет екенін жеткізді. Оның айтуынша, мереке күндері әрбір мешітте халыққа сапалы діни қызмет көрсетіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлылығы басты назарда болуы тиіс. Жиында Құрбан айт намазын өткізу тәртібі, мешіттердің ішкі-сыртқы тазалығы, автокөлік тұрақтарын реттеу, еріктілер жұмысын ұйымдастыру, тұрғындарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері де жан-жақты сөз болды. Сонымен қатар, мерекелік іс-шараларды мазмұнды өткізу, ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, жастардың дінге деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру бағытында нақты ұсыныстар айтылды.
Бас имам Дастан Жанасұлы Құрбан айт кезінде құрбан шалу рәсімдерінің жүйелі ұйымдастырылуына ерекше назар аударды. Осыған байланысты qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн және офлайн форматта жүзеге асатын құрбан шалу рәсімдерін үйлестіру мәселелері кеңінен талқыланды. Аталған платформа арқылы еліміздің кез келген тұрғыны құрбан шалуға тапсырыс бере алатыны, сондай-ақ құрбандық етін мұқтаж отбасыларға тарату ісі ашық әрі әділ жүзеге асатыны айтылды. Бұл жүйе соңғы жылдары халық арасында үлкен сұранысқа ие болып, қайырымдылық жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп келеді. Жиын барысында мал сою орындарын алдын ала дайындау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, арнайы бекітілген орындардың санитарлық-тазалық талаптарына толық сәйкес болуы, ветеринарлық бақылаудың күшейтілуі, қауіпсіздік шараларының сақталуы және тұрғындарға қолайлы жағдай жасалуы міндеттелді. Сонымен қатар, құрбандыққа шалынатын малдардың талапқа сай болуы, олардың денсаулығын ветеринар мамандардың тексеруі қажеттігі ескертілді. Басқосуда Құрбан айт күндері жұмыс істейтін арнайы штабтар құру мәселесі де көтерілді.
Бұл штабтардың негізгі міндеті – мешіттер мен құрбан шалу орындарындағы жұмыстарды үйлестіру, халыққа бағыт-бағдар беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу және туындаған мәселелерді жедел шешу. Сонымен қатар, еріктілер мен дін қызметкерлерінің өзара үйлесімді жұмыс атқаруы маңызды екені айтылды. Жиын барысында қайырымдылық мәселесі де кеңінен қозғалды. Құрбандық еттерін әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға уақытылы жеткізу бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өкіл имам құрбандықтың негізгі мәні тек мал сою емес, мұқтаж жандарға көмек көрсету, қоғамдағы бауырмалдық пен жанашырлықты арттыру екенін атап өтті. Осыған байланысты аудан және қала мешіттеріне мұқтаж отбасылардың тізімін алдын ала нақтылап, ет тарату жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру жүктелді. Сонымен қатар, жиында діни қызметкерлердің халықпен қарым-қатынасы, уағыз-насихат жұмыстары, әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату мәселелері де талқыланды. Бас имам қазіргі таңда ақпараттық түсіндіру жұмыстарының маңызы зор екенін айтып, тұрғындарға Құрбан айттың рухани мәнін кеңінен насихаттау қажеттігін жеткізді. Әсіресе, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру, дәстүрлі ислам құндылықтарын дәріптеу бағытында жүйелі жұмыс жүргізу тапсырылды. Жиын соңында Сыр өңірінің бас имамы Дастан Жанасұлы барлық дін қызметкерлерін ауызбіршілікпен қызмет етуге шақырып, Құрбан айт күндері халыққа сапалы әрі сауатты діни қызмет көрсету маңызды міндет екенін атап өтті. Сондай-ақ, мерекенің жоғары деңгейде өтуі әрбір имамның жауапкершілігіне байланысты екенін айтып, бірлік пен ұйымшылдықтың маңызын ерекше атап өтті.
Қасиетті Құрбан айт – мұсылман қауымын ізгілікке, қайырымдылыққа, мейірімділік пен бауырмалдыққа үндейтін ерекше мейрам. Сондықтан Сыр өңірінде бұл мерекені талапқа сай ұйымдастыруға, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыруға және әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі.







