ҚЫЗЫЛОРДАДА ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕР НЕГЕ ЖАБЫЛУДА?
Бүгінде Қызылорда қаласындағы «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына қарасты 38 әлеуметтік дүкеннің 9-ы жабылып қалған, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Қағаз жүзіндегі құрылымға қарасақ, жүйе мінсіз жұмыс істеуі керек. Қызылордада Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қарасты 38 әлеуметтік дүкен бар. Оның екеуі ет өнімдеріне мамандандырылған екен. Баға саясаты мемлекеттік органдармен келісіліп, бекітіледі, ал мониторинг апта сайын жүргізіледі. Тауарлар тұрақтандыру қорынан жеткізіліп, халыққа нарықтан төмен бағамен ұсынылуы тиіс.
Ресми дерекке сәйкес, бүгінде 9 әлеуметтік дүкеннің жұмысы тоқтап тұрғаны белгілі болды. Себеп ретінде кәсіпкерлердің қарызы мен жеке жағдайлары айтылған. Бірақ бұл түсініктеме мәселені толық ашпайды. Өйткені, дүкендер кәсіпкерлерге жалға алу төлемінсіз беріледі, тауар жеткізілімін мемлекет қамтамасыз етеді, баға саясаты да бақылауда. Осындай жеңілдіктерге қарамастан, кәсіпкердің қарызға батқаны қалай кетті?
Жобаның басты мақсаты – арзан баға. Бірақ осы арзан ұғымының өзі күмән тудырады. Қала тұрғынының пікірінше:
Бұл пікір жүйенің негізгі әлсіз тұсын көрсетеді. Әлеуметтік дүкен нақты арзандықтың орнына шартты жеңілдік ұсынып отыр. Сонымен қатар, «арзан баға – төмен сапа» деген түсінікті де алға тартып тұрғандай.
Ресми жауапта жеткізілім уақтылы жүзеге асырылады делінген. Бірақ іс жүзінде әлеуметтік дүкендердегі басты мәселелердің бірі – тауар тапшылығы. Бұл бірнеше факторға байланысты. Жеткізілімнің орталықтандырылуы, логистикалық кідірістер, сұранысты дәл болжай алмау. Нәтижесінде дүкен ашық, бірақ ішінде қажетті өнім жоқ. Бұл кез келген сауда нүктесі үшін ең үлкен мәселе. Ал әлеуметтік мәртебесі бар дүкен үшін бұл тіпті сенім дағдарысына әкеледі.
Жауапта жүйені цифрландыру жоспарланып отырғаны айтылған. Яғни, онлайн мониторинг, электронды есеп, бейнебақылау камералары. Бірақ мәселе басқа. Егер өнім жеткізу қызметі әлсіз болса, кәсіпкердің ынтасы төмен болса, баға саясаты икемсіз болса онда ешқандай цифрландыру жүйені құтқармайтыны анық.
Бұл мәселеде сұрақ туындайды: әлеуметтік дүкен шынымен әлеуметтік қолдау ма, әлде тек есеп үшін жұмыс істеп тұрған формалды құрылым ба?







