Қызылордада «Еңбек мерейі – ел құрметі» атты мерекелік кеш өтті

1 522

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіБүгін А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде «Еңбек мерейі – ел құрметі» тақырыбында мерекелік кеш ұйымдастырылды. Шараға қала әкімі Нұржан Ахатов, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев және түрлі сала қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Кеш барысында шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы Мемлекет басшысының Қызылорда облысына жасаған жұмыс сапарындағы іс-шараларды ұйымдастыруға және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенді атсалысқан азаматтарға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың алғысын жеткізді. Нұржан Сәбитұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңірге сапары кезінде ел игілігіне бағытталған ірі инвестициялық, инфрақұрылымдық және өндірістік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысқанын, облыс әкімінің аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани өрлеуіне қосқан үлесін жоғары бағалағанын айтты.

Аймақ басшысы да Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына атсалысқан, ортақ іске жұмыла білген азаматтарды лайықты бағалайтынын жеткізді. Бұл еңбекке деген мәртебелі құрметтің белгісі болып табылады. Қала әкімі Нұржан Сәбитұлы облыстың ең жоғары марапаты – «Құрмет грамоталары» мен алғыс хаттарды табыстауды тапсырды.

Салтанатты кеште түрлі салада еселі еңбек етіп жүрген, Мемлекет басшысының жұмыс сапарындағы іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан және республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасында белсенділік көрсеткен мамандар марапатталды. Дайындалған концерттік бағдарламада ән мен өнер шырқалып, көптің көңілі көтерілді.

Айта кету керек, соңғы жылдары аймақ басшысының қолдауымен Сыр шаһары қарқынды дамып, қала бюджеті еселеп артты. Халыққа ең қажетті әлеуметтік нысандар бой түзеп, тұрғын үй кезегіндегі отбасылар баспана бақытына кенелді. Инфрақұрылымдық жобалар сәтті жүзеге асырылып, республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша Қызылорда еліміздегі ең таза қалалардың көшін бастап келеді. Дәстүрге берік, үлгісі озық қызылордалықтар жасампаз ісімен жарқын жолынан жаңылмайды.