Сырдария ауданында электр желілері жаңғыртылуда

1 106

Биыл Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы бірқатар елді мекенде электр желілеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.


Негізінен, ауданда энергетикалық салаға қатысты зерделеу жұмыстары жүргізіліп, өткен ғасырдың 60-70 жылдарында салынған электр желілерінің 70%-ның тозығы жеткені анықталды. Соның салдарынан жел, жауын секілді ауа райының құбылуы кезінде электр жарығы өшіп қалып жатады. 


Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен бірқатар елді мекендегі электр желілері жаңғыртылды. Атап айтқанда, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Ауыл — ел бесігі» бағдарламалары аясында 1,8 млрд. теңге қаржы бөлініп, ауданға қарасты Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері, трансформаторлар толық жаңартылды.


Жаңғырту жұмыстары барысында көше жарықтары да толық орнатылды. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары аяқталып, «КРЭК» АҚ-ның теңгеріміне беру үшін құжаттары (жер актісі, техникалық паспорты) әзірленуде.


Электр желісінің тозуы Сырдария ауданындағы ең үлкен елді мекен — Шаған ауылында да өзекті мәселе. Бұл елді мекенге де аймақ басшысы қолдау көрсетіп, бүгінде электр желілерін ауыстыру жұмыстары басталып кетті. Жоба өтпелі, алдағы 2024 жылы электр желілері толық жаңаратын болады.


Айта кетейік, Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендерін электрмен жабдықтауға демеушілікпен жобалар әзірленуде.