Жеке сот орындаушыларына талап күшейтіледі
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сәйкес, Қазақстанда жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар мен олардың қызметін бақылау тетіктері күшейтіледі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжатта қолданыстағы жеке сот орындаушыларын заңнама мен Кәсіптік ар-намыс кодексін білу деңгейі бойынша міндетті аттестаттау енгізу көзделген. Қайта аттестаттаудан өтпеген жағдайда олардың лицензиясы кері қайтарылады.
Сондай-ақ көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар да қатаңдатылады. Атап айтқанда, соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылған тұлғаларды бұл қызметке жібермеу қарастырылған. Бұдан бөлек, әділет органдарының бақылау өкілеттіктері кеңейтіледі. Енді олар бұзушылықтарды жою туралы ұсыныстар енгізіп қана қоймай, талаптар орындалмаған жағдайда лицензияның қолданылуын тоқтата тұру құқығына ие болады. Сонымен қатар уәкілетті органдардың сұрауы бойынша жеке сот орындаушылары өз шоттары бойынша қаражаттың қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті болады.







