«Кең дала» бағдарламалары арқылы Сыр бойы диқандарына мемлекеттік қолдау көрсетілуде
Қызылорда облысында күріш жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Өнімділіктің артуына диқандардың еңбегі мен жаңа технологиялар ықпал етсе, оны тұрақты ету үшін көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстары «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген 5 пайызбен қаржыландырылып отыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
2024 жылдан бері «Кең дала» бағдарламасы бойынша несие алушыларға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігі ұсынылып келеді. Қор қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдендіреді. Ал шаруа қарыз сомасының 15 пайызына ғана жеке мүлігін кепілдікке қояды.
Биыл Сыр өңірінде 25 жылдан астам уақыт бойы күріш егумен айналысып келе жатқан «Ер-Әлі» шаруа қожалығы «Кең Дала 2» бағдарламасын алғаш рет қолданды. Кәсіпкер Әліби Бекжанов бағдарламаның тиімділігін тілге тиек етті.
«Шаған жер» ЖШС-нің тәжірибесі де қаржыландырудың тиімділігін айқын көрсетеді. Аграрлық несие корпорациясының «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алған серіктестік биылғы маусымда 2900 гектарға күріш еккен. Бұл шаруашылықтың диқандары да әр гектардан 80 центнер өнім жинауды жоспарлап отыр.
Аграрлық несие корпорациясының Қызылорда облысындағы филиалына 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру үшін 13,5 млрд теңге бөлінген. Оның 7 млрд теңгеден астамы 94 шаруашылыққа несие ретінде беріліп, 43 мың гектардан астам жерге егін егілген.
2026 жылдың көктемгі егін егу науқанын ерте қаржыландыру мақсатында «Кең Дала» және «Кең Дала 2» бағдарламалары бойынша өтінімдер жыл соңында қабылдана бастайды. Жеңілдетілген несие шаруалардың егіс науқанына уақытылы дайындалуларына, өнімділікті арттыруларына мүмкіндік береді.