Қызылордада Республика күніне орай Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті

1 534

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіБүгін Қызылорда қаласындағы Мемлекеттік Рәміздер аллеясында Ұлттық мереке — Республика күніне және Қазақстанның Егемендік туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Елдік рух пен тәуелсіздік символы

Салтанатты рәсімге Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, басқармалар мен департаменттердің жетекшілері, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен күштік құрылымдар қызметкерлері қатысты.

Фото: Қызылорда облысының әкімдігіМемлекеттік Ту көтерілу сәтінде әскери хор Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындап, шара ерекше елдік рухта өтті.

«Бүгін біз азат елдің айбыны — көк Туымызды биікке көтеріп, ел тәуелсіздігінің мәңгілік нышанын тағы бір мәрте ұлықтап отырмыз. Республика күні — халқымыздың бірлігін, мемлекеттігіміздің берік іргесін айқындайтын мереке. Егемендік – ұрпақтан-ұрпаққа аманат етілетін ұлы құндылық», – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Ұлттық мереке жалғасы

Мемлекеттік Ту көтеру рәсімінен кейін мерекелік күннің жалғасы ретінде «Чемпионмен бірге жүгір» марафоны ұйымдастырылды. Оған қала тұрғындары, жас спортшылар мен белсенді жастар қатысты.

Марафонның басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ ел бірлігі мен патриоттық рухты арттыру.

Егемендік – ел болмысының өзегі

Айта кетейік, биыл Қазақстанның Егемендік туралы декларациясы қабылданғанына 35 жыл толып отыр. 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған тарихи құжат ел тәуелсіздігінің бастауы болып, мемлекеттіліктің негізін қалады.

Қызылордада өткен бүгінгі салтанатты шара – осы тарихи күннің маңызын айшықтап, елдік рухты жаңғыртқан тағылымды оқиға болды.