Президент аймақ басшысына климатты жақсарту бағытында бірнеше тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қызылорда облысында іске асырылып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын инвестициялық жобалар туралы баяндалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Президентке өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа өндірістер ашуға бағытталған бірнеше маңызды жоба таныстырылды. Атап айтқанда, Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You компаниясының қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, сондай-ақ Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі жөнінде ақпарат берілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысына шыны кластерін дамыту, бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты және тауарлы сүт фермасы сияқты бірқатар жаңа жобаларды іске асыру жоспары баяндалды. Бұл бастамалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және жергілікті экономиканың тұрақты өсуіне серпін бермек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылған жобалардың өңір мен ел экономикасы үшін маңыздылығын атап өтіп, олардың уақтылы және сапалы орындалуының қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты одан әрі жақсарту, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау және бизнестің дамуына жан-жақты қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Айта кетейік, Қызылорда облысында қазіргі таңда құрылыс материалдары, агроөнеркәсіп, қайта өңдеу және энергия салаларында бірқатар стратегиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастамалар аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етпек.







