ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА ДРАМА ТЕАТРДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

1 515

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіБүгін Қызылорда қаласындағы Президент саябағы аумағында жаңа драма театрының іргетасын қалау және капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен қала тұрғындары қатысты.

Аймақ басшысы жиналған қауымды жаңа мәдени нысан құрылысының басталуымен құттықтап, бұл жобаның өңір руханияты үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында Сыр өңірінің өнер мен руханияттағы орнын ерекше атап өткен болатын. “Сыр елі – жыр елі” деген сөз бекер айтылмаған. Қорқыт атадан бастау алатын жыраулық, жыршылық, күйшілік дәстүр бұл өңірде үзілмей жалғасып келеді. Биыл жаңа драма театр құрылысының басталуы – сол рухани сабақтастықтың заңды жалғасы», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Өңір басшысы театрдың қоғамдағы орнына ерекше тоқталып, оның ұлттық құндылықтарды сақтаудағы және жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа театр ғимараты шығармашылық ұжымдарға кең мүмкіндік беріп, өнердің жаңа белеске көтерілуіне жол ашады.

Бүгінде жетпіс жылдан астам тарихы бар Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Сыр@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі өңірінің мәдени өмірінде ерекше орын алады. Театр репертуарында 60-тан астам қойылым бар және жыл сайын 70 мыңнан астам көрерменге қызмет көрсетіп келеді. Жаңа ғимарат осы ұжымның шығармашылық әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Қызылорда қаласының қазақ театр өнерінің қалыптасуындағы тарихи орны да ерекше. Бір ғасыр бұрын дәл осы өңірде ұлттық кәсіби театрдың алғашқы қойылымы сахналанған. Сондықтан араға 100 жыл салып жаңа театр ғимаратының іргетасының қалануы – тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі.

Рәсім барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейн Әмір-Темір мен құрылыс жұмыстарын жүргізетін «ВД Строй Инжиниринг» ЖШС-нің бас директоры Азамат Өсімбеков сөз сөйлеп, жобаға сәттілік тіледі. Олар жаңа театрдың заманауи талаптарға сай салынатынын және өңірдің мәдени келбетін айшықтайтын сәулетті нысан болатынын жеткізді.

Жалпы соңғы жылдары Қызылорда облысында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 2022 жылдан бері өңірде 22 жаңа мәдениет нысаны салынып, халық игілігіне берілді. Барлық аудандарда «Руханият орталықтары» ашылып, елдің мәдени өміріне тың серпін берді.

Облыс орталығында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы орталығы», «Оқушылар сарайы» сияқты ірі әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді. Сонымен қатар Қызылорданың астана болғанына 100 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты салынды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының қолдауымен «Достық үйі» пайдалануға берілді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметіБұдан бөлек, өңірде жастар мен балалардың шығармашылығын дамытуға бағытталған «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылып, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында «Өнер мектептері» мен «Оқушылар үйлері» іске қосылды. Бұл бастамалар жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырып, олардың қабілетін шыңдауға мүмкіндік беруде.

Алдағы уақытта Қызылорда қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана құрылысының басталуы жоспарланып отыр. Бұл жоба да өңірдің зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Жалпы, жаңа драма театрының құрылысы – Сыр өңірінің рухани өміріндегі айтулы оқиға. Ол ұлттық өнерді жаңғыртып қана қоймай, мәдени мұраны келер ұрпаққа жеткізетін маңызды орталыққа айналады деп күтілуде.