Қармақшы ауданының санитарлық тазалық жұмыстары жауапты бақылауда

1 510

Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Таза Қазақстан акциясы аясында елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстары аудан көлемінде жүйелі түрде жүргізілуде. Аталған экологиялық бастама қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлық көзқарасын арттыруға бағытталған.

Осыған сәйкес ауданымызда апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелерді тазалау, ағаштарды күтіп-баптау, қоғамдық орындарды абаттандыру және тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Тазалық шараларына мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерімен қатар еріктілер, жастар ұйымдары және аудан тұрғындары белсенді қатысып, туған өлкенің көркеюіне өз үлестерін қосып келеді.

Көктем мезгілінің келуімен аудан аумағын көркейту және санитарлық талаптарды сақтау жұмыстарының маңызы арта түсті. Осыған орай бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбек және аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов Жосалы кенті аумағындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын бақылауға алды.

Аралау барысында Д.Мырзағалиева және Меңей Батыр көшелерінде орналасқан су ұңғымаларының жағдайы қаралып, олардың техникалық жай-күйі, санитарлық талаптарға сәйкестігі және айналасының тазалығы назарға алынды. Сонымен қатар көше бойларындағы жасыл желектерді күтіп-баптау, қоқыс қалдықтарын уақытылы шығару және жол жиегін ретке келтіру мәселелері де талқыланды.

Сондай-ақ аудандық ветеринарлық станция, Қармақшы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекемесі, аудандық статистика бөлімі, пошта байланыс торабы, «Qazaq Gaz Aimaq» газ шаруашылығы мекемесі, «Сыр суы» филиалының өндірістік бөлімшелері және Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы аудандық бөлімінің аумақтарындағы тазалық жұмыстары бақылауға алынды. Нысандардың сыртқы келбеті, қоршаулары, ғимарат маңындағы жасыл аймақтар мен санитарлық жағдайлары зерделенді.

Аудан басшысы мекеме жетекшілеріне аумақтарды таза ұстау, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, ғимараттардың сыртқы келбетін ретке келтіру және абаттандыру шараларын тұрақты жүргізу бойынша нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар тазалық мәдениетін қалыптастыру тек сенбіліктермен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналуы қажеттігін атап өтті.

Бүгінде аудан көлемінде қоғамдық орындарды тазарту, ағаш көшеттерін отырғызу, ирригациялық жүйелерді ретке келтіру және көше жарықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Алдағы уақытта да аудан аумағын көркейту мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.

Осыған байланысты барша аудан тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, туған жеріміздің көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз. Таза орта – әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз әрі болашақ ұрпаққа қалдырар ең үлкен құндылықтардың бірі.

Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі.