АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЕЛ АҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

1 507

АЙМАҚ БАСШЫСЫ ЕЛ АҒАЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев алғашқы жұмыс сапарын Қармақшы ауданындағы тарихи-рухани маңызы зор Қорқыт ата мемориалдық кешені аумағында ел ағалары, зиялы қауым өкілдері және ардагерлермен кездесуден бастады. Тағылымға толы басқосу елдік пен бірлікті, сабақтастық пен рухани құндылықтарды дәріптеген маңызды кездесу ретінде өтті.

Кездесуге Қазақстанның Еңбек Ерлері Абзал Ералиев, Имамзада Шағыртаев, облыстық мәслихат төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткерлері, облыстық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.

Тағылымды жиында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев аға буын өкілдерінің қоғамдағы орны мен рөліне ерекше тоқталды. Ол ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтау, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында ардагерлердің еңбегі орасан екенін айтты.

– Ел ағаларының өмірлік тәжірибесі, парасатты пікірі мен ақыл-кеңесі қай кезеңде де маңызды. Қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің сақталуына ардагерлер қауымы өлшеусіз үлес қосып келеді. Біз әрдайым аға буынның ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ асамыз. Ел мүддесіне қатысты бастамаларда сіздердің қолдауларыңыз аса маңызды, – деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және жастар тәрбиесі бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасатынын атап өтті.

Кездесу барысында ел ағалары мен зиялы қауым өкілдері жаңа облыс басшысына ақ баталарын беріп, жауапты қызметіне сәттілік тіледі. Ардагерлер алғашқы жұмыс сапарын ресми жиыннан емес, қасиетті орыннан және ел ағаларымен кездесуден бастағанына ризашылықтарын білдірді.

Жиында сөз алған ардагерлер өңірдің өсіп-өркендеуі жолында ынтымақ пен бірліктің маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау, ауылдық елді мекендерді дамыту және рухани мұраны дәріптеу бағытында ой-пікірлерін ортаға салды.

Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев өңірдің өркендеуі үшін елдік мүдде жолындағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.

– Сыр өңірі – тарихы терең, тағылымы мол қасиетті мекен. Бұл өңірдің дамуы үшін халықтың ауызбіршілігі аса қажет. Елдің амандығы мен тұрақтылығы – ең басты құндылық. Жаңа басшыға артылар сенім зор, – деді ол.

Ал Имамзада Шағыртаев жастарды еңбекке баулу, ауыл шаруашылығын дамыту және ел ішіндегі рухани сабақтастықты сақтау мәселелеріне тоқталды.

Тағылымды кездесуден кейін облыс әкімі Марал ишан кесенесіне арнайы барып, ондағы атқарылған жұмыстармен және тарихи-мәдени нысанның қазіргі жағдайымен танысты.

Қасиетті орын Жосалы кентінен шығысқа қарай 18 шақырым жерде орналасқан. Марал ишан баба – қазақ даласында діни-ағартушылық қызмет атқарған, ел арасында үлкен құрметке ие тарихи тұлғалардың бірі.

Бүгінде кесене өңірдегі маңызды рухани және туристік нысандардың қатарына енгізілген. Соңғы жылдары тарихи орынның инфрақұрылымын жақсарту және тарихи келбетін сақтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Атап айтқанда, кесененің төлқұжаты облыстық бюджет есебінен жаңартылып, арнайы қорғау тақтасы орнатылған. Сонымен қатар, нысан жергілікті маңызы бар микросакралды киелі орындар тізіміне енгізілді.

2018 жылы аудандық бюджет есебінен кесене аумағында жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалды. Бұдан бөлек, облыстық бюджет қаржысына тарихи орынның 3D форматтағы интерактивті картасы әзірленді. Бұл өз кезегінде туристер мен келушілерге нысан туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Облыс әкімі тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен дәріптеудің маңыздылығына тоқталып, мұндай киелі орындар ұлт руханиятының алтын қазығы екенін айтты.

– Тарихи-рухани мұраларымызды сақтау – келер ұрпақ алдындағы маңызды міндет. Мұндай қасиетті орындар халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеп, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде ерекше рөл атқарады, – деді Мұрат Ергешбаев.

Сондай-ақ аймақ басшысы кесенеге апаратын жолдың сапасын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстармен танысты. 2024 жылы облыстық бюджеттен 252,3 млн теңге бөлініп, ұзындығы 6,5 шақырым болатын «Жалағаш – Жосалы – Марал ишан» автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Жаңартылған жол туристер мен зиярат етушілердің қатынауына қолайлы жағдай жасап, өңірдегі ішкі туризмді дамытуға оң ықпал етуде.

Сапар барысында облыс әкімі Қармақшы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерге де назар аударды. Аудан инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, мәдени-рухани нысандарды сақтау және жастар саясатын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.

Кездесу соңында ел ағалары аймақ басшысына ақ баталарын беріп, ел игілігі жолындағы бастамаларына сәттілік тіледі. Олар Сыр өңірінің бірлігі мен берекесі сақталып, өңірдің өсіп-өркендей беруіне тілектестік білдірді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі