СЕКСЕУІЛДЕ 48 ТҰРҒЫНҮЙ АПАТТЫ ЖАҒДАЙДА КҮН КЕШУДЕ
Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі сұмдық жағдай орын алуда. Қоғам белсендісі, теміржолшы Бахтияр Избасаров әлеуметтік желіде шырылдап, дабыл қағып жатыр. Кенттегі 48 тұрғын үй дәл қазір апатты жағдайда тұр - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Тұрғындардың айтуынша, ғимараттар жыл өткен сайын тозып, кейбір үйлердің техникалық жағдайы адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін деңгейге жеткен. Соның салдарынан халық күн сайын алаңдаушылықпен өмір сүріп отыр.
Сонымен қатар, кезінде теміржолшыларға арнап салынған, қазіргі таңда бос тұрған тұрғын үйлердің де бар екені айтылуда. Тұрғындар осы үйлерді мемлекет теңгеріміне алып, апатты жағдайда тұрған отбасыларды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету мәселесін қарастыруды сұрайды.
Осы мәселеге байланысты Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі өкілдерінен де пікір алынған болатын. Бөлім мамандарының айтуынша, тұрғындар алдымен үйлерінің құжаттарын заңдастырып, ресми түрде «апатты жағдайдағы үй» ретінде өтінім беруі қажет. Одан кейін ғана мәселе арнайы кезеңдер арқылы қарастырылып, тиісті шешім қабылданады.
«Ақша бөле салу оңай шаруа емес. Оның бәрі белгілі бір сатылардан өтеді», - деген жауап берген болатын бөлім мамандары.
Алайда бұл жауапқа тұрғындардың наразылығы басылар емес. Себебі халықтың айтуынша, бұл үйлердің апатты жағдайда тұрғанына аз уақыт болмаған. Құжаттары түгел баспаналардың өзі әлі күнге дейін нақты шешім көрмеген дейді.
«Біз жұмысымызды тастап, әкімшіліктің есігін торып жүруге жарамаймыз. Бір мекемеге барсаң, екіншісіне жібереді. Шаруамен барғаныңды қайтсін шаршатып жібереді. Неге арнайы шағын топ құрып, үйлерді өздері аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді? Үйінің жөнделгенін немесе жаңарғанын кім қаламайды?» - дейді ашынған тұрғындар.
Қоғам арасында бұл мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдардың жедел әрекет етуі қажет деген пікір күшейіп келеді. Себебі апатты үйлер мәселесі дер кезінде шешілмесе, оның арты адам өміріне қауіп төндіретін қайғылы жағдайларға ұласуы мүмкін.
Ендігі үміт – Қызылорда облысының әкімдігі мен Арал ауданы әкімдігі тарапынан нақты шешім қабылданып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шұғыл шаралардың қолға алынуында.







