ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР МҮМКІНДІКТЕРІ САРАЛАНДЫ
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҚТАР МҮМКІНДІКТЕРІ САРАЛАНДЫ
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев әлемдегі жетекші құрылыс және инфрақұрылымдық корпорациялардың бірі саналатын China State Construction Engineering Corporation компаниясының өкілдерімен арнайы кездесу өткізді. Басқосуда өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыру, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, жаңа өндірістік жобаларды іске асыру, халықаралық серіктестікті нығайту және өңір экономикасына инвестиция тарту мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кездесуге облыс әкімінің орынбасарлары, салалық басқарма басшылары, инвестиция тарту және кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жауапты мекеме өкілдері, сондай-ақ халықаралық компанияның инвестициялық және жобалық даму жөніндегі мамандары қатысты.
Жиын барысында облыс әкімі Сыр өңірінде инвестициялық ахуалды жақсарту және өндірістік әлеуетті арттыру бағытында соңғы жылдары ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, өндірісті әртараптандыруға және шетелдік капитал тартуға ерекше басымдық беріліп отырғанын жеткізді.
– Бүгінде Қызылорда облысы жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптасқан, өндірістік әлеуеті жоғары өңірлердің
біріне айналуда. Біз инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға, инфрақұрылымды жетілдіруге және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға ерекше мән беріп келеміз. Соңғы жылдары жүзеге асқан инвестициялық жобалардың нәтижесінде жаңа өндірістер ашылып, тұрақты жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты кеңейту арқылы бұл жұмыстарды жаңа деңгейге көтеруді көздеп отырмыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кездесуде өңірдің географиялық орналасуы мен көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қызылорда облысы еліміздің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан стратегиялық маңызы бар өңір ретінде халықаралық көлік дәліздерімен байланыс орнатуға қолайлы мүмкіндікке ие. Бұл фактор өндірістік және логистикалық жобаларды жүзеге асыруда маңызды артықшылық болып табылады.
Аймақ басшысы инвесторларға өңірдегі арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жөнінде кеңінен ақпарат берді.
Атап айтқанда, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында 550 гектар аумақта «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Арнайы экономикалық аймақ еліміздің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыруға бағытталған маңызды өндірістік алаңдардың бірі саналады.
Бүгінде арнайы экономикалық аймақта экономикалық қызметтің 18 басым бағыты айқындалған. Олардың қатарында құрылыс материалдарын өндіру, металл өңдеу, машина жасау, электр жабдықтарын шығару, химия өнеркәсібі, логистика және қоймалау қызметтері, жеңіл өнеркәсіп, автокөлік және авиациялық техника өндірісі, инновациялық технологиялар енгізу және жоғары технологиялық өнім шығару бағыттары бар.
Арнайы экономикалық аймақ қатысушыларына бірқатар салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Бұл инвесторлар үшін шығындарды азайтып, өндірістік жобалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында арнайы экономикалық аймақ аумағында өндірістік кәсіпорындар салу үшін дайын инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары таныстырылды. Қазіргі таңда электр энергиясы, табиғи газ, сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымы және байланыс желілерін дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жиында өңірдің индустриялық аймақтарының даму көрсеткіштері де жан-жақты талқыланды.
Бүгінде Қызылорда облысында жалпы көлемі 515 гектардан асатын алты индустриялық аймақ жұмыс істейді. Бұл өндірістік алаңдар кәсіпкерлер мен инвесторларға дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген тиімді өндіріс орындарын ұсынады.
Қазіргі таңда индустриялық аймақтарда жалпы құны 112 миллиард теңгені құрайтын 37 жоба іске қосылған. Соның нәтижесінде мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалды.
Индустриялық аймақтарда құрылыс индустриясы, машина жасау, азық-түлік өндірісі, химия өнеркәсібі, өңдеу өнеркәсібі және басқа да өндірістік бағыттар бойынша кәсіпорындар жұмыс істеуде.
Әсіресе «Өндіріс» индустриялық аймағы өңірдегі табысты өндірістік алаңдардың біріне айналды. Мұнда құрылыс материалдарын шығару, энергия үнемдейтін шыны өндіру, керамикалық бұйымдар жасау, темір-бетон өнімдерін шығару және өнеркәсіптік өнім өндіру жобалары жүзеге асырылуда.
Соңғы жылдары индустриялық аймақтардың қызметі нәтижесінде өңірде импортты алмастыратын өнімдер өндірісі жолға қойылып, экспорттық әлеует арта түсті. Бұл облыстың экономикалық әртараптануына және өнеркәсіп үлесінің ұлғаюына оң әсерін тигізуде.
Кездесуде халықаралық тәжірибе негізінде индустриялық парктер салу мәселесі де кеңінен талқыланды. Компания өкілдері әлемнің түрлі мемлекеттерінде жүзеге асырған өндірістік және инфрақұрылымдық жобалары жөнінде ақпарат беріп, Қызылорда облысымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Тараптар индустриялық парктерді дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықаралық стандарттарға сәйкес инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы ықтимал әріптестік мүмкіндіктерін саралады.
Сондай-ақ өңірдегі өндірістік және логистикалық әлеуетті дамытуға бағытталған жобаларды іске асыру мәселелері көтерілді. Әсіресе қоймалау қызметтері, көлік-логистикалық орталықтар салу, жүк тасымалы инфрақұрылымын жетілдіру және өнеркәсіптік нысандар құрылысын жүргізу бағытында бірлескен жобалар жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылды.
Компания өкілдері Қызылорда облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға беріп, өңірдің даму қарқыны мен өндірістік әлеуеті шетелдік инвесторлар үшін тартымды екенін атап өтті.
Кездесу барысында құрылыс индустриясын дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Соңғы жылдары өңірде тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік нысандар салу, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және өндірістік кешендер тұрғызу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Осы бағытта халықаралық компаниялардың тәжірибесін пайдалану құрылыс сапасын арттыруға және жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік беретіні айтылды.
Жиын соңында тараптар өзара тиімді әріптестікті нығайтуға және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Бірлескен жобаларды жүзеге асырудың ықтимал бағыттары нақтыланып, алдағы уақытта жұмыс топтарын құру жөнінде келісімге келді.
Сонымен қатар компания өкілдері өңірдің өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерімен тереңірек танысу мақсатында Сыр өңіріне арнайы іссапармен келуге ниет білдірді. Сапар барысында арнайы экономикалық аймақтың, индустриялық аймақтардың және өндірістік кәсіпорындардың қызметімен танысу жоспарланып отыр.
Жалпы, Қызылорда облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өнеркәсіптік өндірісті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары өңірге триллион теңгеден астам инвестиция тартылып, ондаған өндірістік жобалар іске қосылды. Нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылып, өңірдің экономикалық өсімі қамтамасыз етілуде.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың әлеуетін тиімді пайдалану, халықаралық инвесторларды тарту және өндірістік инфрақұрылымды дамыту алдағы кезеңде де облыстың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл жұмыстар өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға негіз болады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







