АВТОКӨЛІК ЖАСАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

1 505

АВТОКӨЛІК ЖАСАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің автокөлік жасау саласын дамыту, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және саланы жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңір әкімдері мен жауапты сала жетекшілері қатысты.

Селекторлық режимде өткен Үкімет отырысына Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, өңірдегі автокөлік жасау және машина жасау өнеркәсібінің даму барысымен танысты.

Үкімет отырысында Премьер-министр машина жасау саласы еліміздің индустриялық саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өндірісті әртараптандыру, импортқа тәуелділікті төмендету, жоғары қосылған құны бар өнім шығару және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын.

Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары республикада автокөлік жасау саласын қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жаңа өндірістер іске қосылып, халықаралық компаниялармен әріптестік байланыс нығайып келеді. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың технологиялық әлеуетін арттыруға, өндірісті жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше назар аударылуда.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, онда өңірдегі машина жасау саласының бүгінгі жағдайы мен алдағы даму перспективалары жан-жақты талқыланды.

Аймақ басшысы өңдеу өнеркәсібі экономиканың тұрақты дамуына негіз болатын маңызды салалардың бірі екенін айтып, өндірісті әртараптандыру бойынша қолға алынған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін жеткізді.

– Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға ерекше мән беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар әр өңірде нақты нәтижесін көрсетуі тиіс. Біз өндіріс көлемін арттырумен қатар жаңа технологияларды енгізуге, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беруіміз қажет, – деді облыс әкімі.

Бүгінде Қызылорда облысында толық циклді жеңіл автомобиль шығаратын зауыт жоқ болғанымен, теміржол машина жасау саласында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді. Әсіресе жүк вагондарын жөндеу, техникалық қызмет көрсету және қосалқы бөлшектер өндіру бағытында өңір кәсіпорындарының әлеуеті жылдан-жылға артып келеді.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, биылғы жылдың алғашқы алты айында сала кәсіпорындары 12 миллиард теңгенің қызметін көрсеткен. Нәтижесінде негізгі өсім көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,9 пайызға жетті.

Бұл көрсеткіш өңірдегі өнеркәсіп саласының тұрақты дамып келе жатқанын және өндіріс орындарының өндірістік қуаты кезең-кезеңімен ұлғайып отырғанын көрсетеді.

Облыс әкімі алдағы кезеңдегі басты мақсат жөндеу жұмыстарымен ғана шектелмей, өнеркәсіптік өндіріс деңгейіне көшу екенін атап өтті.

– Келесі міндетіміз – жөндеу жұмыстарынан өнеркәсіптік өндіріс деңгейіне көшу. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Біз өңірде жаңа өндірістерді іске қосып, қосылған құны жоғары өнім шығаратын кәсіпорындардың санын көбейтуіміз қажет, – деді Мұрат Ергешбаев.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында орналасқан «Марал-Нұр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруда.

Кәсіпорын бұрыннан теміржол вагондарын жөндеумен айналысып келеді. Соңғы жылдары өндірісті жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа технологиялар енгізілуде. Ендігі мақсат – заманауи жолаушылар вагондарын құрастыру өндірісін жолға қою.

Жоба бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылуда. Оның аясында өндірістік цехтар жаңартылып, жоғары технологиялық құрал-жабдықтар орнатылуда. Сонымен бірге жаңа жұмыс орындары құрылып, жергілікті мамандарды оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда.

Бұл жоба іске асқан жағдайда өңірдегі машина жасау саласы жаңа деңгейге көтеріліп, теміржол техникасын құрастыру бойынша еліміздегі маңызды өндірістік алаңдардың біріне айналмақ.

Мұндай бастамалар импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қызылорда облысында алғаш рет екі дөңгелекті көлік құралдарын шығару қолға алынды.

Арал ауданында жүзеге асырылып жатқан «Дара Мото» инвестициялық жобасы аясында мотоциклдер мен мопедтер құрастырылуда.

Бұл жоба өңір үшін тың бағыт саналады. Өндіріс орны кезең-кезеңімен қуатын арттырып, болашақта өнім көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Кәсіпорынның негізгі мақсаты – ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету ғана емес, алдағы уақытта экспорттық әлеуетті де қалыптастыру.

Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, жаңа өндірістік тізбектердің қалыптасуына ықпал етеді.

Өндірістің кеңеюі қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорындардың дамуына, логистикалық қызметтердің артуына және сервистік орталықтардың көбеюіне мүмкіндік береді.

Облыс әкімі өңірде өндірістік кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуі қажеттігін атап өтті.

Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану жаңа жобалардың табысты жүзеге асуына негіз болады.

Осыған байланысты жауапты басқармаларға инвестициялық жобалардың орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстап, туындайтын мәселелерді жедел шешу тапсырылды.

Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте өңірдің машина жасау саласын тұрақты дамыту үшін білікті кадрлар даярлаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Аймақ басшысы өндірісті дамыту тек жаңа зауыттар мен технологияларға ғана емес, сол кәсіпорындарда еңбек ететін кәсіби мамандардың біліктілігіне де тікелей байланысты екенін айтты.

Қазіргі таңда Қызылорда облысында машина жасау, көлік және логистика саласына қажетті мамандарды даярлау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағытта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі маңызды рөл атқарып келеді.

Аталған оқу орындарында машина жасау, техникалық қызмет көрсету, көлік логистикасы, теміржол көлігі, өндірістік технологиялар және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлануда. Оқу бағдарламалары өндіріс орындарының қажеттілігіне қарай жаңартылып, студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Соңғы екі жылдың өзінде екі жүзден астам студент осы бағыттар бойынша білім алып, олардың басым бөлігі өңірдегі көлік, логистика, теміржол және техникалық қызмет көрсету кәсіпорындарына жұмысқа орналасқан. Бұл көрсеткіш өңірдегі техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.

Облыс әкімі алдағы уақытта кәсіпорындар мен оқу орындарының байланысын одан әрі күшейту қажеттігін атап өтті.

– Бүгінгі еңбек нарығының талабы өзгеше. Біз өндіріс орындарына дәл сол кәсіпорындарға қажетті мамандарды даярлауымыз керек. Ол үшін дуальды оқыту жүйесін кеңінен енгізіп, студенттердің тәжірибеден өту мүмкіндігін арттыру қажет. Кәсіпорын басшылары білім беру ұйымдарымен бірлесіп жұмыс жүргізуге мүдделі болуы тиіс, – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге өңірге жаңа инвестициялық жобаларды тарту мәселесі кеңінен қаралды.

Бүгінде облыста өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Инвесторлар үшін өндірістік инфрақұрылымды дамыту, инженерлік желілерді жеткізу, жер телімдерін дайындау және мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану жұмыстары жалғасуда.

Мұрат Ергешбаев жауапты басқарма басшыларына жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларды тұрақты сүйемелдеуді тапсырды.

Әсіресе өңірдің географиялық орналасуын тиімді пайдалану, теміржол және автомобиль көлігі арқылы логистикалық мүмкіндіктерді кеңейту, экспортқа бағытталған өндірістерді дамыту қажеттігі атап өтілді.

Жиында сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік жүктемесіне тұрақты мониторинг жүргізу мәселесі қозғалды.

Облыс әкімі өндіріс көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін кәсіпорындардың нақты жағдайын күнделікті бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

– Әрбір өндіріс орнының қуаты толық пайдаланылуы тиіс. Қандай мәселе туындаса да оны дер кезінде анықтап, шешуіміз қажет. Өнім көлемін арттыру – өңір экономикасының өсіміне тікелей әсер етеді, – деді ол.

Кеңесте күн тәртібіндегі келесі маңызды мәселе – дала және орман өрттерінің алдын алу болды.

Жаз мезгіліндегі ауа райының жоғары температурасы мен желдің күшеюі табиғи өрттердің туындау қаупін арттыратыны айтылды.

Мамандардың мәліметіне сәйкес, өңірдегі орман және дала өрттерінің басым бөлігі адамдардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауының салдарынан орын алады.

Отты абайсыз пайдалану, қоқыс жағу, темекі тұқылын тастау және құрғақ шөпті өртеу секілді әрекеттер үлкен өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында облыс аумағында 24 дала өрті тіркелген.

Әрбір жағдай бойынша тиісті қызметтер жедел әрекет еткенмен, құрғақ климат пен желдің әсерінен өрттің таралу қаупі жоғары болып отыр.

Облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Атап айтқанда, елді мекендерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу, минералды жолақтарды уақытылы жаңарту, өрт сөндіру техникасының әзірлігін қамтамасыз ету, ерікті өрт сөндіру жасақтарының жұмысын жандандыру және тәулік бойғы кезекшілікті күшейту міндеттелді.

Сонымен қатар табиғи өрттердің алдын алу үшін орман шаруашылығы мекемелері, төтенше жағдайлар департаменті, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын күшейту тапсырылды.

Кеңесте цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Соңғы жылдары өңірде интернет сапасын жақсарту, ұялы байланыс желілерін кеңейту және мемлекеттік қызметтердің цифрлық қолжетімділігін арттыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылып келеді.

Дегенмен, кейбір шалғай ауылдық елді мекендерде байланыс сапасына қатысты тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен өтініштер түсуде.

Осыған байланысты облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне байланыс операторларымен бірлесіп жұмыс жүргізуді, байланыс сапасын кезең-кезеңімен жақсартуды тапсырды.

Бұл жұмыстар цифрлық теңсіздікті азайтуға, тұрғындардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті дамытуға оң әсер етеді.

Жиында ветеринария саласындағы ақпараттық жүйелердің жұмысы да қаралды.

Аймақ басшысы ветеринариялық статистикалық дерекқордың үздіксіз жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті.

Мал шаруашылығы дамыған өңір үшін ветеринариялық есептің нақтылығы аса маңызды.

Сондықтан жауапты сала басшыларына дерекқор жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, техникалық ақауларды жедел жою және мәліметтердің дұрыстығын бақылауда ұстау тапсырылды.

Кеңес соңында облыс әкімі хаттамалық тапсырмалардың орындалуына ерекше тоқталды.

Берілген әрбір тапсырма белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс екені ескертілді.

Мұрат Ергешбаев мемлекеттік органдардың қызметі ең алдымен нақты нәтижеге бағытталуы керектігін айтып, барлық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырмалардың орындалуына жеке жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.

– Әрбір тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Біз барлық бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруіміз қажет. Өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру – ортақ міндетіміз. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Жалпы, Қызылорда облысында өнеркәсіпті дамыту, экономиканы әртараптандыру және жаңа өндірістерді іске қосу бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Үкіметтің қолдауы нәтижесінде өңірде жаңа инвестициялық жобалар қолға алынып, өндірістік әлеует артып келеді.

Алдағы уақытта машина жасау, көлік логистикасы, теміржол саласы және өңдеу өнеркәсібі бағытындағы жаңа жобаларды іске асыру жалғасады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, экспорт көлемін ұлғайтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі