БЮДЖЕТКЕ БАЙЛАНҒАН «ЖЕКЕ» КЛУБ: «ҚАЙСАР» КІМДІ БАЙЫТУДА?
Қызылордада футбол енді тек жасыл алаңдағы ойынмен ғана шектелмейді. Басты бәсеке бүгінде басқаша, бюджет қаражаты мен мемлекеттік сатып алулар жүйесінің аясында өрбіп отыр. Қағаз жүзінде жекешелендірілген «Қайсар» клубы жаңа меншік иесіне өткен соң, мемлекет кәсіби спорттан біртіндеп алыстауы тиіс еді. Алайда бұл үміттің толық ақталмағанын көрсетті: бюджеттен бөлінетін қаржы қысқарудың орнына сол күйінде сақталып, тек оның бөліну тетігі өзгерген, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
«Қайсар» футбол клубы 2025 жылдың 30 қазанынан бастап ресми түрде «TAU Group LTD» компаниясының басшысы Исламғали Қозбақовтың жеке басқаруына берілген болатын. Ресми ақпаратты облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Президент биылғы жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты жеделдетуді тапсырған болатын. Бұл үдеріс соған сәйкес атқарылып отыр. Сырт көзге бәрі заң аясында сияқты көрінеді: тендерлер өткізіледі, келісімшарттар рәсімделеді, «қызмет көрсету» деген ресми атаулар пайдаланылады. Бірақ осы құжаттардың мазмұнына тереңірек үңілсеңіз, мемлекет клубты қаржыландыруды тоқтатпағанын байқауға болады. Айырмашылық тек ақшаның қалай бөлінетінінде. Енді қаржы тікелей клубқа емес, оның жеке иесіне қатысы бар құрылымдар арқылы бағытталады.
Осындай жағдайда жекешелендірудің шынайы мәні қандай деген сұрақ туындайды. Мемлекет расымен футболдан кетті ме, әлде тек формалды түрде шеттеген болып көріне ме? Қызылордадағы «Қайсар» төңірегіндегі ахуал осы мәселені тереңірек талдауды қажет ететінін аңғартады.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы шамамен 995 миллион теңгеге тендер
өткізген. Бұл қаражат команданың ел чемпионаттары мен кубоктарына қатысуы және дайындалуы үшін бөлінген. Бір қарағанда, қалыпты тәжірибе. Алайда күмән тудыратын тұстар жетерлік. Ең алдымен, сатып алу процесі өте қысқа мерзімде, небәрі екі күн ішінде, 7 мен 9 сәуір аралығында өткен. Оның үстіне, конкурс «бір көзден алу» тәсілімен, яғни басқа процедуралар өтпеді деген негізде ұйымдастырылған.
Техникалық сипаттаманы мұқият қарасаңыз, «дайындық пен қатысуды ұйымдастыру қызметі» деген жалпылама атаудың артында кәсіби футбол клубын толықтай бюджет есебінен ұстау тұрғанын байқауға болады. Біріншіден, салық төлеушілер команданың спорттық дайындығын толық қаржыландырады. Бұл жай ғана жаттығулар емес, кем дегенде екі оқу-жаттығу жиынын өткізу қарастырылған, оның ішінде шетелдік жиындар да бар. Яғни, бұл кәсіби футбол маусымының толық циклін, соның ішінде қымбат шетелдік сапарларды қамтитын қаржыландыру.
Екіншіден, материалдық-техникалық қамтамасыз ету толықтай бюджетке жүктелген. Құжатта спорттық киім-кешек, медициналық қызмет, қалпына келтіру шаралары, диагностика және дәрі-дәрмек нақты көрсетілген. Нарықтық жағдайда мұндай шығындарды клубтың өзі немесе инвестор көтеруі тиіс болса, бұл жерде оның бәрін мемлекет төлейді. Одан бөлек, сақтандыру, тамақтану және тұру шығындары қарастырылған. Тамақтану бапкерлер мен дәрігерлердің ұсынымдарына сай арнайы нормалармен, ал тұру база күтімі, коммуналдық қызметтер және қызмет көрсетуімен бірге толық қамтылған. Бұл іс жүзінде команданың жыл бойғы тіршілігін қамтамасыз ету деген сөз.
Жеке бір бөлім инфрақұрылым мен стадиондарға арналған. Құжатта негізгі және қосалқы стадиондар, сондай-ақ лицензиялық талаптарға сай жаттығу нысандарын ұсыну міндеті көрсетілген. Бұл мемлекет тек команданы ғана емес, оның инфрақұрылымын да қамтамасыз етіп отырғанын білдіреді.
Ең маңызды тұстардың бірі - еңбекақы қоры. Техникалық сипаттамада ойыншыларға, жаттықтырушыларға, әкімшілік қызметкерлерге жалақы төлеу, сондай-ақ жеңістер үшін сыйақылар беру қарастырылған. Яғни, бюджет тек клубтың жұмысын ғана емес, оның спорттық нәтижелерін де қаржыландырып отыр. Бұдан бөлек, әкімшілік шығындар, салықтар, кеңсе шығындары, жанар-жағармай, коммуналдық төлемдер, барлығы осы келісімшарт аясында қамтылған. Сонымен қатар, көлік, логистика және регламент талаптарын орындау шығындары да енгізілген. Ал «өзге де талаптар» деген жалпылама тұжырым қосымша шығындарды осы келісімшарт шеңберінде енгізуге мүмкіндік береді.
Қорытындысында не көреміз? Техникалық сипаттама нақты бір қызметті емес, тұтас бір футбол клубының өмір сүру үлгісін сипаттайды. Яғни, мемлекет бұрынғыдай клубтың барлық шығынын, жаттығудан бастап жалақы мен сыйақыға дейін толықтай қаржыландырып отыр. Мәселенің мәні де осында: формалды түрде «Қайсар» енді мемлекеттік актив емес, бірақ іс жүзінде ол әлі де бюджетке толық тәуелді. Айырмашылық тек біреу, енді салық төлеушілердің ақшасы клубқа тікелей емес, «жеке басқару» деп аталатын аралық құрылым арқылы өтеді. Оның үстіне, бұл бір реттік жағдай емес. 2025 жылы клубқа 1,2 миллиард теңге бөлінген.
«Өз адамдарына» арналған тендер ме?
Енді бұл оқиғаның ең маңызды тұсына келейік. 995 миллион теңгелік тендердің жеңімпазы - «НурлыТау ЛТД» ЖШС. Бұл компанияның иесі - Исламғали Қозбақов. Дәл осы кәсіпкерге «Қайсар» клубы жекеменшік басқаруға берілген. Сонда схема айқын көрінеді: мемлекет клубты жеке қолға береді де, сол сәттен бастап оның шығынын жабу үшін бюджет қаражатын қайтадан сол иесіне бағыттай бастайды. Бірақ бұл тікелей субсидия немесе ашық қаржыландыру емес, жедел өткізілетін және бәсекесіз тендерлер арқылы жүзеге асады. Бұл бір жолғы жағдай емес. Наурыз айының өзінде Қозбақовқа тағы екі ірі келісімшарт берілген:
436,6 млн теңге - футбол орталығының (жасөспірім командалар) дайындық және жарыстарға қатысу қызметтері үшін
281,1 млн теңге - әйелдер командасын дайындау және Қазақстан чемпионатына қатыстыру үшін
Екі тендер де дәл сол «бір көзден алу» тәсілімен өткен. Нәтижесінде, бірнеше айдың ішінде жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгеден асатын қаражат клуб иесіне тиесілі құрылымдарға аударылған. Ресми түрде шенеуніктер жаңа меншік иесінің инвестициясы туралы айтқанымен, нақты жағдайда кері үрдіс байқалады. Инвестиция клубқа емес, бюджет қаражаты жеке меншік иесіне бағытталып отыр.
Компания профилі және мемлекеттік тапсырыстар
«НурлыТау ЛТД» компаниясының қызмет түрлері де сұрақ тудырады. Ресми тіркелген бағыттарын қарастыратын болсақ жүк тасымалы, инженерлік құрылыс, битум өнімдерін өндіру.
Ал спорт немесе футбол бұл тізімде жоқ. Соған қарамастан, дәл осы компания кәсіби футбол командаларын қаржыландыруға арналған келісімшарттарды ұтып отыр. Сонымен бірге, бұл компания мемлекеттік сатып алулар нарығында белсенді ойыншы болып табылады. Оның портфелінде миллиардтаған теңгенің келісімшарттары бар.
Мысалы:
Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысын аяқтауға - 6,7 млрд теңге
IT колледжге арналған ғимарат сатып алуға - 5,1 млрд теңге
Бес қабатты тұрғын үй сатып алуға - шамамен 2 млрд теңге
«Әйтеке би – Қазалы» жолын реконструкциялауға - 838 млн теңге
Бұл тек ірі жобалардың бір бөлігі ғана. Компанияның салық төлемдерінің соңғы жылдары күрт өсуі жүздеген миллионнан 2025 жылы миллиардтан асуы оның негізгі табыс көзі мемлекеттік тапсырыстар екенін жанама түрде дәлелдейді. Бір қызығы, Қозбақовтың спортқа қатысты «TAU GROUP LTD» атты компаниясы бар. Оның қызмет түрлерінде спорт клубтарын басқару да көрсетілген. Алайда дәл осы компания мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды және салық көрсеткіштері де төмен. Бұдан бөлек, кәсіпкер «Алем строй» компаниясына және бетон зауытына да иелік етеді.
Осыдан кейін негізгі сұрақ туындайды: жекешелендіруден кейін не өзгерді? Егер жеке меншік иесі негізгі шығындарды көтермесе (көтеруге мүмкіндігі бола тұра), ал мемлекет бұрынғыдай барлық қажеттілікті қаржыландыруды жалғастырса, онда бұл классикалық жекешелендіру емес. Бұл - тәуекел мемлекетте қалатын, ал басқару жеке қолға өтетін гибридті үлгі.
Мұндай жүйеде кім ұтады?
Клуб - тұрақты қаржыландыру алады, шенеуніктер - процесті бақылауда ұстайды, жеке меншік иесі - мемлекеттік қолдауы бар активке ие болады. Ал ұтылатын кім? Әрине, салық төлеушілер, яғни қарапайым халық. Өйткені дәл осы миллиардтаған теңге басқа да маңызды салаларға жұмсалуы мүмкін еді. Бұл қаражатқа ауылдарға жол салуға, мектептерді жөндеуге, ауруханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге болар еді. Халықтың күнделікті тұрмысын жақсартатын нақты жобалар жүзеге асар еді.
Ал бүгін сол мүмкіндіктердің орнына біз басқа көріністі көріп отырмыз: қағаздағы реформалар, формалды жекешелендіру және бюджетке тәуелді «жеке» құрылымдар. Бұл - тек қаржының тиімсіз жұмсалуы емес, бұл - мемлекеттік саясаттың шынайы мазмұнына деген сенімге соққы. Ең қауіптісі мұндай тәжірибе қалыпты құбылысқа айналып бара жатыр. Егер мемлекет «шықтым» деп жариялаған саладан іс жүзінде шықпаса, егер жеке сектор жауапкершілікті алмай, тек дайын қаржыны игерумен шектелсе, онда бұл жүйе ертең басқа салаларға да үлгі болуы мүмкін.
Сонда сұрақ одан да өткір қойылады: біз шын мәнінде реформа жасап жатырмыз ба, әлде тек атауын өзгертіп, ескі жүйені сақтап отырмыз ба?
Қазақ «есепсіз кеткен мал - қайтпайды» дейді. Ал есепсіз кеткен миллиардтар ше? Егер бүгін бұл сұрақ қойылмаса, ертең оның құны одан да қымбатқа түсуі мүмкін. Өйткені әңгіме бір клуб туралы емес. Мәселе мемлекет қаржысының қайда, қалай және кімнің пайдасына жұмсалып жатқанында. Жасыл алаңдағы ойын уақытша, ал бюджеттегі ойын әлдеқайда ұзақ әрі қауіпті екенін ұмытпау керек.







