ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ФИҚҺ ІЛІМІНЕН ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ
ҚЫЗЫЛОРДАДА ФИҚҺ ІЛІМІНЕН ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ САЙЫСЫ ӨТТІ
Қызылорда қаласындағы «Құддыс ишан» мешіті базасында «Намаз — діннің тірегі» тақырыбында қала мешіттері шәкірттері арасында фиқһ ілімінен білім сайысы ұйымдастырылды. Тағылымды шара жас буынның діни сауаттылығын арттыруға, шариғат ілімдерін терең меңгеруге және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Сайысқа қаладағы түрлі мешіттерден келген шәкірттер қатысып, өз білімдері мен дайындық деңгейін көрсетті. Шара барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы-ның Қызылорда облысы бойынша бас имамы Дастан Жанаұслы қатысушыларға насихат айтып, білім алудың маңыздылығына тоқталды. Ол жастарды ізденіске, сабыр мен тақуалыққа шақырып, сайысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы саны 19 үміткер қатысқан білім жарысында қатысушылар намазға қатысты фиқһ үкімдері, дәрет пен ғұсыл
шарттары, тазалық қағидалары, сондай-ақ намаздың парыздары мен уәжіптері бойынша сұрақтарға жауап беріп, өзара бақ сынасты. Сайыс кезеңдері теориялық және практикалық тапсырмалардан тұрып, қатысушылардың жан-жақты білімін анықтауға мүмкіндік берді.
Әділқазылар алқасы әр қатысушының білім деңгейін, жауаптарының нақтылығы мен шариғи талаптарға сәйкестігін бағалап, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде жоғары көрсеткіш көрсеткен жеңімпаздар арнайы дипломдармен және қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Шара барысында қатысушыларға діни әдебиеттер ұсынылып, жастар арасында имандылық пен адамгершілік құндылықтарды дәріптеудің маңызы ерекше атап өтілді. Ұйымдастырушылар мұндай білім сайыстары жастардың діни танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың дұрыс бағытта тәрбиеленуіне ықпал ететінін жеткізді.
Жиын соңында қатысушылар мен қонақтар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай тағылымды шаралардың алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілуіне ниет білдірді.







