Қызылордада қуаттылығы жылына 300 тонна болатын тұқы шаруашылығы іске қосылды
Қазақстан өңірлерінде балық шаруашылығы белсенді дамып келеді. Қызылорда облысының Арал ауданында тұқы өсіретін тоған балық шаруашылығы құрылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Арал Рыбторг» ЖШС басшысы Қуаныш Өмірзақов қазіргі уақытта 15 гектар аумақтағы 4 тоғанда балық жіберу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жобаның құны 150 млн теңге. Ал, қуаттылығы – жылына 300 тонна.
Кәсіпкер шаруашылықты дамытуда мемлекеттік қолдау шараларын пайдалануға ниетті.
Саланы мемлекет тарапынан қолдау балық шаруашылығын дамытуға үлкен қызығушылық тудырды.
Балық өсіру шаруашылықтары үшін салықтар 70%-ға төмендетілді, сондай-ақ салынған инвестициялардың 25%, жем-шөп құнының 30% мөлшерінде, шабақтарды, дәрілерін, балықтардың бағалы түрлерінің аналығын сатып алуға және балық өсіру-биологиялық негіздемесін әзірлеуге жұмсалатын шығындардың 50% көлемінде субсидия ала алады.
Балық шаруашылығы субъектілері үшін қаржылық қолдаудың бұл шаралары Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде қабылданды. Осы кезеңде саланы дамытуға 268,8 млрд теңге, тағы 340,5 млрд теңге бюджеттен тыс жеке инвестициялар бағытталады.