ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН МЕРЕЙТОЙЛАРЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 508

ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН МЕРЕЙТОЙЛАРЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлері Биғали Қаюповты 75 жасқа, Бибіжан Жәукебаеваны 80 жасқа толу мерейтойларымен құттықтады.

Мерейтой иелеріне арналған салтанатты жиында өңір басшысы қос азаматтың саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған еңбегіне тоқталып, олардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі екенін атап өтті.

«Ғибратты ғұмырында еліне адал қызмет еткен аға буынды, ел аманатын арқалаған азаматтарды үлгі-өнеге ету – біздің парызымыз.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Әділетті Қазақстанда адамдарға еңбегіне қарай құрмет көрсетілуге тиіс екенін айтқан болатын.

Бүгінгі жиынымыз өнегелі істердің ұйытқысы болып, халықтың ықыласына бөленген, Сыр жұртшылығына етене таныс Қаюпов Биғали Әбдікерұлы ағамыздың 75 жасқа, Жәукебаева Бибіжан Жәукебайқызы апамыздың 80 жасқа толу мерейтойларына арналуда.

Сіздердің жылдар бойы туған өлке игілігі жолында атқарған қызметтеріңіз шынайы құрметке лайық. Сыр жұртшылығы аймақтың дамуына зор үлес қосқан өздеріңіздей азаматтарымен мақтанады.

Сіздерге тілеулес жандардың, ақ адал ниетті жерлестеріңіздің атынан бүгінгі мерейтойларыңызбен шын жүректен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілейміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Салтанатты жиында мерейтой иелерінің елге сіңірген еңбегі ерекше аталып өтілді. Оларға Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың арнайы құттықтауы жеткізілді.

Мерейтой иелеріне дәстүрге сай сый-құрмет көрсетіліп, ізгі тілектер айтылды.

Жиында ел ағалары да сөз алып, мерейтой иелерінің азаматтық болмысы, елге жасаған қызметі мен адамдық қасиеттері жөнінде жылы лебіздерін білдірді. Серік Дүйсенбаев, Нәжмадин Мұсабаев, Өмірбек Шәменов мерейтой иелерін айтулы белестерімен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Биғали Әбдікерұлы 1951 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Ол еңбек жолын ұстаздықтан бастап, білім саласында тәжірибе жинақтап, кейін мемлекеттік қызметте жауапты міндеттер атқарды. Елге қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырған азамат әр жылдары аудандық және облыстық деңгейдегі басқару жұмыстарында еңбек етті.

Биғали Қаюпов Арал, Қармақшы және Жалағаш аудандарының әкімі қызметтерін атқарып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына басшылық жасады. Кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы қызметтерінде абыройлы еңбек етті.

Мемлекеттік қызметтің түрлі саласында еңбек еткен жылдары Биғали Әбдікерұлы елдің әлеуметтік мәселелерін шешуге, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға белсенді араласты. Әсіресе Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу, экологиялық ахуалды жақсарту бағытында атқарылған жұмыстарға зор үлес қосты.

Арал теңізінің тартылуынан туындаған күрделі экологиялық және әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде оның тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті маңызды рөл атқарды. Өңір тұрғындарының тұрмысын жақсарту, елді мекендердің әлеуметтік жағдайын көтеру, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетті.

Сондай-ақ Биғали Қаюпов Арал өңіріндегі экологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған САРАТС жобасының жүзеге асуына елеулі үлес қосты. Бұл жоба Арал өңірінің әлеуметтік және экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған ірі бастамалардың бірі болды.

Ел басқару ісінде мол тәжірибе жинақтаған Биғали Әбдікерұлы бүгінгі күні де қоғамдық өмірден қол үзбей, кейінгі буынға ақыл-кеңесін айтып, елдік мәселелерге қатысты өз пікірін білдіріп келеді.

Ал Бибіжан Жәукебайқызы 1946 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын жұмысшыдан бастап, жауапты қызметтерге дейін көтеріліп, білім саласында және мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етті.

Бибіжан Жәукебайқызы еңбек жолында табандылығымен, іскерлігімен және ел мүддесіне деген адалдығымен танылды. Білім беру саласында қызмет атқарып, жас ұрпақтың тәрбиесі мен сапалы білім алуына үлес қосты. Кейін мемлекеттік қызметте жауапты міндеттер атқарып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарға белсене қатысты.

Ол Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып, аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосты. Мемлекеттік басқару жүйесінде еңбек еткен жылдары өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды мәселелерді шешуге атсалысты.

Бибіжан Жәукебайқызының қоғамдық қызметі де айрықша. 1995 жылы Қазақстан атынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бүкіләлемдік әйелдер конференциясына қатысып, еліміздің қоғамдық өміріндегі әйелдердің рөлі мен әлеуметтік мәселелерді талқылауға қатысты.

Сонымен бірге ол «Қызыл Жарты Ай» қоғамының облыстық комитетін басқарып, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз азаматтарға, көмекке мұқтаж отбасыларға және түрлі санаттағы тұрғындарға қолдау көрсету жұмыстарына белсене араласты. Халыққа әлеуметтік және гуманитарлық көмек көрсету бағытында көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына үлес қосты.

Қос мерейтой иесінің өмір жолы – елге адал қызмет етудің, жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның жарқын үлгісі. Олардың әр жылдардағы еңбегі туған жердің өсіп-өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын арттыруға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталды.

Мұндай тұлғалардың өнегелі жолы – кейінгі буын үшін үлкен мектеп. Ел басқару ісінде жинақтаған тәжірибесі, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен туған жерге деген жанашырлығы жастарға үлгі болары сөзсіз.

Салтанатты жиында мерейтой иелеріне арналған ақжарма тілектер айтылып, олардың еңбегіне ризашылық білдірілді. Жиынға қатысушылар қос қоғам қайраткерінің ел тарихындағы өзіндік орны бар екенін атап өтіп, ұзақ жылдар бойы атқарған қызметтерін жоғары бағалады.

Өңірдің дамуына еңбек сіңірген аға буын өкілдерін ардақтау, олардың ел алдындағы еңбегін бағалау – кейінгі ұрпаққа тағылым беретін игі дәстүр. Бүгінгі мерейтойлық басқосу да осы сабақтастықтың жарқын көрінісі болды.

Мерейтой иелеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбастарына амандық пен бақ-береке тілінді. Ел игілігі жолындағы еңбектерінің жемісін көріп, кейінгі ұрпақтың құрметіне бөлене беруіне тілектестік білдірілді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.