ҚЫЗЫЛОРДАДА БЕЛКӨЛ КЕНТІНІҢ ӘКІМІН ТАНЫСТЫРДЫ
Бүгін өткен мәжіліс барысында қала әкімі Нұржан Ахатов Белкөл кентінің жаңадан сайланған әкімін ресми түрде таныстырды. 19 сәуір күні өткен сайлау қорытындысына сәйкес тұрғындардың сеніміне ие болған Жасұлан Сәду кент әкімі лауазымына қайта тағайындалды.
Жасұлан Хабидуллаұлы бұған дейін де Белкөл кентін басқарып, жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орната білген тәжірибелі басшы ретінде танылған. Оның басшылығы кезінде кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылып, инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілгені атап өтілді.
Мәжіліс барысында қалалық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев жаңадан сайланған әкімге ресми куәлігін табыстап, қызметіне сәттілік тіледі. Бұл рәсім жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің ашықтығы мен заңдылығының айқын көрінісі болды.
Қала әкімі өз сөзінде жаңадан сайланған кент әкіміне бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Атап айтқанда, ардагерлер ұйымдарымен, жергілікті қоғамдастық өкілдерімен және белсенді тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жүргізу, халықтың мұң-мұқтажына жедел үн қатып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу қажеттігін ерекше атап өтті.![]()
Сонымен қатар, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру міндеті жүктелді. Қала басшысы тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, ашықтық пен қолжетімділік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
– Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Сондықтан тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, олардың өмір сапасын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізу қажет. Әрбір мәселе назардан тыс қалмауы тиіс, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Өз кезегінде Жасұлан Сәду көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта кент тұрғындарының игілігі жолында аянбай еңбек ететінін жеткізді. Ол халықпен ашық диалог орнатып, кенттің дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.
Жалпы, бұл тағайындау жергілікті басқару жүйесіндегі сабақтастықты сақтай отырып, тұрғындардың сенімі мен қолдауына негізделген маңызды қадам болып табылады. Алдағы уақытта Белкөл кентінде әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады деп күтілуде.







