«QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНА 35 ЖЫЛ: АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ БЕЛЕС
«QYZYLORDA» ТЕЛЕАРНАСЫНА 35 ЖЫЛ: АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ АЙТУЛЫ БЕЛЕС
Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» аймақтың басты ақпараттық арналарының бірі — «Qyzylorda» телеарнасының 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ақпарат саласындағы айтулы белес өңір журналистикасының дамуына қосылған зор үлестің символына айналды.
Салтанатты жиынға Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Қазақстан Республикалық телерадио корпорациясы акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім, Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл облыстық телеарналарының директорлары, мәслихат депутаттары, ардагер журналистер және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік шара барысында аймақ басшысы телеарна ұжымын айтулы мерейтоймен құттықтап, өңірдің ақпараттық кеңістігін дамытуға қосқан еңбегін ерекше атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз озық ойлы ұлт болуымыз қажет. Көш бастайтын елдердің қатарына қосылуымыз керек. Бір ел болып, жұдырықтай жұмылсақ, бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Осы ортақ жұмысқа журналистер қауымы да зор үлес қосып жүр. Сіздерді реформаның қозғаушы күші деп айтуға болады», – деп атап өткен болатын. Бұл сөздер журналистер қауымына үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.![]()
Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының тарихына тоқталып, оның өңірлік медиакеңістіктегі орны ерекше екенін айтты. Оның айтуынша, телеарна 35 жыл ішінде тек ақпарат тарату құралы ғана емес, сонымен бірге өңірдің рухани-мәдени дамуына ықпал ететін маңызды медиа орталыққа айналған.
– «Qyzylorda» телеарнасы – Сыр өңірінің шежіресін жазып келе жатқан үлкен ақпараттық мектеп. Бұл арна арқылы облыстағы маңызды саяси, әлеуметтік, мәдени оқиғалар халыққа жедел жеткізіліп келеді. Бүгінгі күні телеарна заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, жаңа медианың талаптарына сай дамып отыр, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, ол телеарнаның ұлттық мәдениетті насихаттаудағы рөлін ерекше атап өтті.
– Телеарна эфирге шыққан 35 жыл ішінде халық шығармашылығын дамытуға, ұлттық өнерді дәріптеуге және жергілікті музыкалық контентті қалыптастыруға үлкен үлес қосты. «Ботақан» балалар телефестивалі, «Сыр жұлдыздары» ән байқауы, «Жыр керуен», «Асыл мұра», «Сыр сүлейін сұрасаң…», «Ғасырлар үні» сияқты жобалар –
өңір руханиятының алтын қоры, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Мерейтойлық жиында Болат Мүрсәлім Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Министр өз құттықтауында «Qyzylorda» телеарнасының отандық медиакеңістіктегі орнына жоғары баға беріп, шығармашылық ұжымға табыс тіледі.
Сонымен қатар, салтанатты кеште танымал журналист, «Құрмет» орденінің иегері Жағыппар Қарабала сөз сөйлеп, телеарнаның қалыптасу жолы мен даму кезеңдеріне тоқталды. Ол өңір журналистикасының өсуі мен сапасының артуында «Qyzylorda» телеарнасының үлесі зор екенін атап өтті.
– Бұл арна талай буын журналистердің кәсіби мектебі болды. Осында шыңдалған мамандар бүгінде республикалық деңгейде қызмет атқарып жүр. Бұл – телеарна ұжымының еңбегінің нақты нәтижесі, – деді ол.
Шара барысында телеарнаның 35 жылдық тарихындағы еңбегі үшін бірқатар қызметкерлер марапатталды. Оларға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісі, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, сондай-ақ Қазақстан Республикалық телерадио корпорациясы акционерлік
қоғамының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттары табысталды.
Марапат иелерінің қатарында ұзақ жылдар бойы телеарнада еңбек етіп келе жатқан журналистер, операторлар, режиссерлер, техникалық мамандар және редакторлар бар. Олардың әрқайсысы өңірлік телевизияның дамуына өз үлесін қосып келеді.
Салтанатты кеш барысында телеарнаның алтын қорына енген тарихи бейнематериалдар көрсетіліп, көрермендерге арнаның қалыптасу кезеңдерінен сыр шертетін деректі фильм ұсынылды. Бұл көріністер қатысушыларды өткен жылдарға жетелеп, телеарнаның даму жолын айқын көрсетті.
Сонымен қатар, жас журналистердің шығармашылық жұмыстары таныстырылып, жаңа буынның медиасаладағы белсенділігі мен жаңашыл көзқарасы атап өтілді. Жастардың цифрлық медиа, әлеуметтік желілер және мультимедиялық форматтарды меңгеруі телеарнаның болашағына сенім ұялатады.
Жиын соңында қатысушылар «Qyzylorda» телеарнасының алдағы уақытта да заманауи талаптарға сай дамып, өңірдің ақпараттық кеңістігін қалыптастырудағы рөлін күшейте беретініне сенім білдірді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі







