Тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін ауқымды жұмыс атқарылуда
Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов қала аумағындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
1500 орындық «Келешек мектебінің» құрылысы аяқталды
Алдымен жұмыс тобы 1500 орынға арналған жаңа «Келешек мектебі» құрылысының жағдайын көрді. Құрылыс толық аяқталып, нысан пайдалануға беруге дайын. Білім ордасы қазіргі заман талаптарына сай салынған және оқушылар үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.
Мектепте: заманауи оқу кабинеттері, соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар, STEM-зертхана, ғылыми кітапхана, кең спорт және акт залы, толық жабдықталған асхана бар.
Жобаның бас мердігері – «Integra Construction KZ», жобалаушы – «Project Construction KZ», ал техникалық қадағалаушы – «Самұрық-Қазына Девелопмент» серіктестігі. Жаңа мектеп жақын күндері ресми түрде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
20 ауланы абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде
Бұдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары мен қала әкімі Қызылорда қаласында жүргізіліп жатқан аулаларды абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді.
Биылғы жылы қаладағы 20 ауланы жаңғыртуға 1,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Жоба аясында: заманауи ойын алаңдары, спорт және воркаут аймақтары, кіші футбол алаңдары, жаттығу құрылғылары, әткеншек пен сырғанақтар орнатылуда.
Сонымен бірге аулаларда жарықтандыру шамдары орнатылып, демалыс орындары жасақталуда. Көгалдандыру, абаттандыру және аумақты көркейту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр.
Қалдық контейнерлері жаңартылды
Қаладағы санитарлық ахуалды жақсарту мақсатында биыл тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 375 жаңа контейнер орнатылды. Бұл бағытқа 153 млн теңге қаржы бөлінген. Жаңа контейнерлер қаланың тұрғын аймақтарындағы қалдықтарды уақытылы шығару және тазалықты сақтау жұмыстарын жеңілдетеді.
Ұлттық жоба аясында мектеп құрылысы жалғасуда
Айта кетейік, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы бойынша Қызылорда облысында жалпы 6 900 орынға арналған 10 мектептің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда оның 9 нысаны пайдалануға берілген, ал қалған мектептің құрылысы аяқталу сатысында.







