Қала әкімі депутаттарға есеп берді
Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов қалалық мәслихаттың кезекті 42-сессиясында қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар бойынша есеп беріп, депутаттар тарапынан қойылған бірқатар өзекті сауалдарға жауап берді. Мәжіліске қалалық мәслихаттың төрағасы Ибадулла Құттықожаев, мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, қалалық құрылымдық бөлімдер мен қоғамдық кеңес өкілдері қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бюджет көлемі екі есеге артты
Сессияның күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «2025–2027 жылдарға арналған Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округтердің бюджеттерін бекіту туралы» шешімге өзгерістер енгізу болды.
Қала әкімі Нұржан Ахатовтың айтуынша, жыл басында 73,1 миллиард теңге көлемінде бекітілген қала бюджеті бүгінгі күні 164 миллиард теңгеге жетіп, екі еседен астам ұлғайған. Оның ішінде 32 миллиард теңге – қаланың өзіндік кірісі. Бұл көрсеткіш Қызылорда қаласының экономикалық әлеуетінің артқанын және салық түсімдері мен инвестициялық мүмкіндіктердің кеңейгенін көрсетеді.
Инфрақұрылымды дамыту – басым бағыт
Әкім өз баяндамасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынан бастап, әлеуметтік сала мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Қалаға қарасты 6 елді мекенде жаңадан қоныстанған аумақтарда электр желілері жаңадан салынып, тозығы жеткен желілер қайта жаңғыртылуда. Аталған жобалардың жалпы құны 3,2 миллиард теңгені құрайды.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында ұзындығы 68,4 шақырым болатын 26 жоба қаржыландырылып, жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қала көшелерін жөндеу жұмыстары күшейіп, шалғай елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға да басымдық берілуде.
“Сабалақ” саяжайы газдандырылуда
Биылғы жылдың маңызды жобаларының бірі – “Сабалақ” саяжайын көгілдір отынмен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай қарқынды жүргізілуде. Қаланың жылу жүйелері де кезең-кезеңімен жаңғыртылып жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жылу және энергиямен қамтуда үздіксіз қызмет көрсетуге бағытталған.
Жасыл қала – жарқын келешек
Экологиялық тұрақтылық пен тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру мақсатында бес жылдық дендрологиялық жоспар қабылданды. Қалада 15 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған. Бұл бастама Қызылорданың жасыл аймақтарын кеңейтіп, ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Депутаттар өзекті мәселелерді көтерді
Сессия барысында мәслихат депутаттары қала әкімдігіне бірқатар өзекті ұсыныстарын білдірді. Атап айтқанда:
- Тасбөгет кентіндегі көшелерді жөндеу,
- Кенттегі биологиялық тазарту станциясын басқа жерге көшіру,
- Қызылөзек ауылдық округінде өрт сөндіру бекетін ашу қажеттігі көтерілді.
Сонымен қатар, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев қала бюджетінің артуына салықтық түсімдердің оң ықпал еткенін айтып, талапшылдық пен нақты есептіліктің маңызын атап өтті.
Қала әкімінің мәслихат алдында берген есебі Қызылорданың қазіргі даму қарқыны мен алдағы басымдықтарын айқындап берді. Қаржының тиімді игерілуі, инфрақұрылымдық жобалардың дер кезінде орындалуы, әлеуметтік бастамалар мен экологиялық мәселелердің назардан тыс қалмауы – шаһардағы ілгерілеудің айқын көрінісі.
Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы Қызылорданың бүгінгі тыныс-тіршілігіне шолу жасап, алдағы кезеңдерге нақты міндеттер мен басым бағыттарды айқындап берді.