ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНДІ
Тамыз айының әр екінші жексенбісінде елімізде Құрылысшылар күні аталып өтеді. Кәсіби мерекеге орай "Руханият" орталығында аудан әкімі Ғалымжан Жарқынбектің қатысуымен «Ел игілігін еселеген құрылысшылар» атты салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Аудан басшысы сала құрылысшылары мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданның өркендеуіне қосып жүрген сүбелі үлестері үшін ризашылығын білдірді.
– "Құрылыс – кез келген өңірдің даму қарқынын айқындайтын маңызды салалардың бірі. Елдің ертеңі үшін бой көтерген әрбір ғимарат – құрылысшылардың адал еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Сондықтан құрылысшы мамандығы әрдайым зор құрметке лайық.
Бүгінде Мемлекет басшысының және Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында Сыр өңірі ауқымды құрылыс алаңына айналып отыр. Бұл оң өзгерістер біздің ауданымызда да өз жалғасын тауып, құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осындай маңызды жобалардың барлығында Сіздердің маңдай терлеріңіз бен кәсіби еңбектеріңіздің ізі жатыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында ауданымыздың өсіп-өркендеуіне және құрылыс саласының дамуына қосқан үлестеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық,
еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін", – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170 пайызға өсіп, 36 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Соңғы төрт жыл ішінде жалпы құны 21,8 миллиард теңгені құрайтын 20 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне қызмет етуде. Сонымен қатар әлеуметтік саладағы құрылыс қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Соңғы үш жылда 3,6 миллиард теңге қаржыға әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған 254 пәтер салынып, тұрғындарға табысталды. Ал биыл 4 пәтерлі 50 тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Іс-шара саланың үздік өкілдерін құрметтеумен жалғасты. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен сала ардагерлері Ерсінбай Қабылбаев пен Ербол Сарсенов, министрліктің Алғыс хатымен «ДДА» ЖШС директоры Данияр Досантаев және аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Шыңғыс Маханұлы марапатталды.
Сондай-ақ ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар сала мамандарына Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс және аудан әкімдерінің, салалық басқарманың Алғыс хаттары және «Жаңақорған ауданының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.
Мерекелік шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Қаз
Рус






