ШИЕЛІДЕГІ 16 ЖАСТАҒЫ ҚЫЗДЫҢ ӨЛІМІ: СОТ ҮКІМІ ШЫҚТЫ
Қызылорда облысында кәмелетке толмаған қыздың өліміне қатысты сот үкімі шықты. 16 жастағы қыздың денесі Шиелі ауданындағы Жақаев каналынан табылған еді, – деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі.
Оқиға биыл маусым айында болған. 16 жастағы бойжеткен үйінен құрбысына баратынын айтып шығып кеткен. Алайда арада бір тәулік өткен соң оның денесі Жақаев каналынан табылды. Марқұмның мойнына қалың сым оралғаны анықталған.
Кісі өлтірді деген күдікпен бұрын сотталған 22 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу барысында оның қылмысқа қатысы дәлелденген.
Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындап, соңғы сөзінде жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Іс бойынша сот үкімі шығарылды.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленсін.
Моральдық зиянның өтеуі ретінде 10 миллион теңге, сондай-ақ мемлекет кірісіне 2 162 теңге мемлекеттік баж салығы өндірілсін", - деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Думан Әлиев.
Қаз
Рус






