Қызылордада ерекше балалардың ата-аналары қолдау сұрады

2 533

Фото: Opennews.kz

 Қызылордада ерекше балалардың ата-аналары төрт жылдан бері өз күштерімен ұйымдастырып келген оңалту қызметін тұрақты орталыққа айналдыруға тырысып жатыр. Қазір бастаманы қолға алған 50-ге жуық анаға ғимарат табылған. Бірақ орталықты іске қосу үшін қажетті құрал-жабдықтар мен жиһаздар қажет. Бұл туралы Opennews.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

 Мәселе «Әділет» партиясының Қызылорда облыстық филиалында өткен Ашық есік күнінде көтерілген. ДЦП диагнозы бар баланың анасы Айжан Смағұлованың айтуынша, ата-аналар төрт жылдан бері балаларға оңалту қызметін өз күштерімен ұйымдастырып келеді.

 Осы уақыт аралығында олар ғимарат жалдап, қажетті мамандарды шақырған. Тіпті Астанадан реабилитологтар арнайы шақырылып, олардың жолақысы, тұруы мен тамағына жұмсалатын қаражатты ата-аналардың өздері төлеген.

 «Ғимаратты дайындау жұмыстарының негізгі бөлігі атқарылды. Енді ішін тазалап, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Ата-аналардың қалтасы үнемі көтере бермейді. Себебі балаларының емі, тамағы, киімі дегендей», – дейді Айжан Смағұлова.

 Яғни мәселе тек орталық ашуда емес. Оны әрі қарай тұрақты ұстап тұрудың өзі ата-аналар үшін үлкен қаржылық жүктеме.

 Жақында кәсіпкер Қазына Байтуғанова ата-аналарға 160 шаршы метрлік ғимаратты тегін пайдалануға берген. Ата-аналар ғимаратты өздері дайындап, жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда енді ең қымбат бөлік – оңалту құралдарын алу мәселесі тұр. Балаларға арналған жиһаз, арнайы тренажерлер, оңалтуға қажетті жабдықтар мен басқа да құралдар керек. Осы мәселені шешу үшін ата-аналар партия өкілдеріне көмек сұрап барған.

 Кездесуде орталықты заңды түрде тіркеу, мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану және қажетті құжаттарды рәсімдеу мәселелері қаралған.

 Партия филиалының төрағасы Жандос Базартай бұл мәселенің әлеуметтік маңызын атап өтті.

«Баланың денсаулығы мен оның толыққанды дамуына қажетті жағдай жасау – ата-ана үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды міндет», – деді ол.

 Ата-аналардың бастамасы толық жүзеге асса, орталық Қызылордадағы 100-ге жуық ерекше балаға оңалту қызметін алуға мүмкіндік бермек.

 Орталықты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында қазан айының ортасында қайырымдылық концерті өткізу жоспарланып отыр. Концерттен түскен қаражатқа қажетті жабдықтарды сатып алу көзделген. Бірақ осы жерде бірқатар сұрақ туындайды.

 Егер ата-аналар төрт жылдан бері өз күштерімен маман шақырып, ғимарат жалдап, шығындарын көтеріп келсе, бұл қызметтің тұрақтылығы қалай қамтамасыз етіледі?

 Мемлекет тарапынан ерекше балаларды оңалтуға арналған қандай мүмкіндіктер бар?

 Ал жаңадан ашылатын орталық сол жүйеге қалай қосылады?

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.