ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ЕКІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, Алмалы, Ақтоған ауылдық округтеріне газ қосу рәсіміне қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Салтанатты шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, еңбек ардагерлері келді.
Аймақ басшысы «көгілдір отын» игілігіне кенелген Алмалы ауылдық округінің тұрғындарын құттықтап, елді мекендерді дамыту бағытындағы жоспарларды бөлісті.
Ауыл тұрғындарын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Ергешбаев пен еңбек ардагері Абдрахман Мұсаймов құттықтады. Іс-шарада аудан дамуына үлес қосқан азаматтар мен ардагерлер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, бүгін газ қосу рәсімі Ақтоған ауылдық округінде де өтті. Рәсімнен кейін облыс әкімі газ қосылған үй иелеріне ізгі тілегін білдірді.
Биыл Шиелі ауданында бірқатар инфрақұрылымдық жоба қолға алынбақ. Атап айтсақ, 3 млрд 250 мың теңгеге 21 шақырым жол жөндеуден өтеді. Оның ішінде, «Самара-Шымкент-Жөлек» жолы орташа жөнделеді. Аудандық маңызы бар «Шиелі-Қодаманов» жолындағы көпірді күрделі жөндеуге 311 млн теңге бөлініп, жұмыс жоспар бойынша жүруде.
Халықпен кездесулерде электр желілерінің тозығы жеткені жайлы мәселе жиі көтеріледі. Осы орайда, Шиелі кентіндегі электр желілерін қайта құрылымдауға өткен жылы 100 млн теңге, биыл 619 млн теңге қаржы қаралып, тозығы жеткен трансформаторлар мен желілер ауыстырылуда. Жобалық құны 4,5 млрд теңге болатын Шиелі кентіндегі қосалқы станцияны қайта жаңғыртуға Ұлттық қор есебінен 1,5 млрд теңге бөлінген. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев ауылдарының сыртқы электрмен қамту желілерінің құрылысына республикалық бюджеттен 153 млн теңге қаралды.