Аудан әкімі Әйтеке би кентіндегі әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мекеме-кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Аудан басшысы әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелер мен мәдени және спорт нысандарының қазіргі жай-күйін жеке бақылауына алды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Сапар барысында алдымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне, сондай-ақ «Мансап» және «Отбасын қолдау» орталықтарына барды. Мекемелердің жұмыс жағдайымен танысқан Алмасбек Әбілқасымұлы бөлім басшылары мен орталық директорларына ғимараттардың ішкі және сыртқы санитарлық тазалық жұмыстарын ұйымдастыру, халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында нақты тапсырмалар берді. Аудан басшысы қызметкерлерді тұрғындарға тиімді әрі қолайлы қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлуді талап етті.
Мұнан кейін ол Әйтеке би кенттік Мәдениет үйіне барып, мәдени нысанды аралады. Алдағы уақытта ғимараттың бірқатар аумақтарына жөндеу жұмыстарын жүргізу, бос тұрған кабинеттерді тиімді пайдалану жөнінде мәдениет саласына жауапты орынбасары мен мәдениет үйінің директорына тапсырмалар берілді. Бұл шара мәдени нысандардың тұрғындар үшін барынша ыңғайлы әрі функционалды болуына бағытталған.
Сапар барысында аудан әкімі Жалаңтөс Баһадүр атындағы орталық стадион мен аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімі ғимаратында да болды. Спорт бөлімі басшысы Орысбек Жәмшейітовке стадионға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, спорт ғимараты мен стадион аумағының санитарлық тазалығына қатысты кемшіліктерді ескере отырып, оларды тез арада қалпына келтіруді міндеттеді.
Аудан әкімі әлеуметтік, мәдени және спорт нысандарының сапалы әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға, жас ұрпаққа үлгі көрсетуге және ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға тікелей әсер ететіндігін атап өтті. Алдағы уақытта аталмыш нысандарда жүргізілетін жұмыстар тұрғындардың игілігіне бағытталған маңызды жобалар болып саналады.