Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті жиын өтті
Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек төрағалығымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық жиын өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.
Күн тәртібінде ең алдымен инклюзивті саясатты іске асыру мәселесі қаралып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы әрі кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар сараланды. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығына ерекше тоқталып, әрбір азаматтың қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
– Инклюзивті саясатты іске асыру – ауданымыз үшін де, жалпы қоғам үшін де аса маңызды. Әрбір азаматтың құқығы қорғалып, қажеттіліктері ескерілсе ғана біз әлеуметтік әділетті қоғам құра аламыз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі сапалы жүзеге асырылуы тиіс, – деді Жандос Еркінбек.
Жиында ерекше азаматтарға көрсетілетін «Инватакси» қызметінің сапасына да ерекше назар аударылды. Биыл аудан бойынша бұл қызметті дамытуға жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, қазіргі таңда 7 арнайы көлік халыққа қызмет көрсетуде. Аудан әкімі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысына қызмет сапасын арттыру, тұрғындардың өтініштерін уақытылы орындау және ешқандай кемшіліктерге жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Күн тәртібіндегі келесі маңызды мәселе – санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары болды. Аудан басшысы елді мекендердің тазалығы мен көркейтілуі тұрақты бақылауда екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстардың сапалы ұйымдастырылуы барлық тұрғындардың ортақ міндеті екенін жеткізді. Сонымен қатар, көктемгі санитарлық тазалық айлығы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды күшейту, қоқыстарды уақытылы шығару, көшелер мен қоғамдық орындарды таза ұстау қажеттігі айтылды.
Жиын барысында аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары да кеңінен қаралды. Бұл бағытта кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын сапалы жүргізу, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және санитарлық талаптарды сақтау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, жауапты сала басшыларына өз бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру, жоспарланған көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету және тұрғындармен кері байланысты күшейту тапсырылды.
Жиын қорытындысында көтерілген барлық мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынатыны ескертілді. Аудан әкімі әрбір тапсырманың сапалы әрі уақытылы орындалуы – өңірдің тұрақты дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттырудың негізгі кепілі екенін атап өтті.







