ҚАРМАҚШЫДА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ ӨТТІ
ҚАРМАҚШЫДА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ КЕШ ӨТТІ
Ұрпақ тәрбиесі мен ұлттық құндылықтардың алтын діңгегі – отбасы. Берік қоғамның негізі саналатын бұл ұғым адамзат өміріндегі ең қастерлі құндылықтардың бірі болып табылады. Отбасы – сүйіспеншілік пен сыйластықтың, мейірім мен жауапкершіліктің, тәрбие мен өнегенің ордасы. Осыған орай 1993 жылдан бастап 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні ретінде әлем көлемінде аталып өтуде.
Айтулы мерекеге орай бүгін «Руханият» орталығында аудан әкімінің тапсырмасымен «Бір шаңырақ астындағы шексіз махаббат» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды. Тағылымды шараның негізгі мақсаты – отбасы құндылықтарын дәріптеу, жанұя институтының қоғамдағы маңызын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өнегелі отбасыларды көпшілікке үлгі ету.
Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, көпбалалы аналар, жас отбасылар және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты шара барысында аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылық. Тәрбиенің бастауы да, ұлттың болашағы да – отбасынан басталады.
Берекелі шаңырақта өскен ұрпақ елін сүйетін, халқына адал азамат болып қалыптасады. Сондықтан отбасы институтын нығайту – қоғам дамуының басты кепілі, – деді ол.
Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген өнегелі отбасылардың еңбегіне тоқталып, олардың қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Мерекелік кеш аясында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне үлгі болып жүрген бірқатар өнегелі отбасылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олардың қатарында еңбекпен елге сыйлы болған, татулық пен бірлікті ту еткен отбасылар бар.
Шара барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков сөз алып, отбасының қоғамдағы рөліне кеңінен тоқталды.
– Тәрбие – тал бесіктен басталады. Ұрпақтың саналы, білімді әрі тәрбиелі болып өсуі – ең алдымен отбасындағы тәлімге байланысты. Қазақ халқы қашанда отбасы бірлігі мен үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді жоғары бағалаған, – деді ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Кеш барысында ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпағына өнеге болып отырған «Гаухар той» иегерлері де сөз сөйлеп, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Олар отбасы бақытының негізі – өзара сыйластық, сабыр мен түсіністік екенін ерекше атап өтті.
Тағылымды шарада отбасы тақырыбындағы жүрекке жылы әсер сыйлайтын бейнероликтер көрсетіліп, көпшілік назарына арнайы дайындалған көркем композициялар ұсынылды. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын насихаттайтын сахналық қойылымдар көрермендерге ерекше әсер қалдырды.
Мерекелік кештің көркін аудан өнерпаздарының ән-жырлары аша түсті. Күмбірлеген күй мен әсем әндер орындалып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздар отбасы, ана, әке, туған жер және махаббат тақырыбындағы шығармаларды орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Сонымен қатар, шара барысында жас отбасылар мен көпбалалы аналарға құрмет көрсетіліп, отбасы құндылықтарын сақтау жолындағы еңбектері ерекше аталып өтті. Бұл – қоғамдағы жанұя институтының мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Қазақ халқы ежелден отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. «Отан – отбасынан басталады» деген нақыл сөздің астарында үлкен тағылым жатыр. Себебі елдің ертеңі – тәрбиелі ұрпақ, ал тәрбиелі ұрпақтың қалыптасуы – өнегелі отбасымен тікелей байланысты.
Осындай мазмұнды шаралар қоғамдағы отбасы құндылықтарының маңызын арттырып қана қоймай, жастарға үлгі-өнеге беруге үлкен ықпал етеді. Берекелі отбасы – тұрақты қоғамның негізі, ел болашағының кепілі.
Айта кету керек, Қармақшы ауданында отбасы институтын нығайтуға, жастар тәрбиесіне және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Отбасы – мейірім мекені, тәрбие бесігі, ұлттың рухани тірегі!
@Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі







