Қызылорда облысында жылыту маусымына дайындық толық аяқталды

1 579

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметіҚызылорда облысында 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық аяқталып, барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Тахир Нәдірбек мәлімдеді.

Басқарма өкілінің айтуынша, биыл өңірде жылумен қамту жүйесін жаңғырту және жылыту маусымына дайындық бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Инженерлік инфрақұрылымды жаңарту мақсатында жылу нысандарын қайта жаңғыртуға және жөндеуге қомақты қаржы бөлініп, барлық жоспарланған жобалар уақытылы орындалды.

– Биылғы жылы Қызылорда жылу электр орталығындағы Оңтүстік қазандықтың үш бу қазандығы толық жаңғыртылып, іске қосылды. Сондай-ақ, орталықтағы генераторлар мен трансформаторлар жаңартылды. Облыс бойынша барлығы 10 бу қазандығы мен 21 автономды қазандыққа күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жылу желілерін жаңғырту бағытында 7,9 шақырым жүйе ауыстырылды, – деді Тахир Қуанышбекұлы.

Қазіргі таңда облыс бойынша 1 079 әлеуметтік нысан және 915 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, толық жылумен қамтамасыз етілген. Барлық тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындар штаттық режимде жұмыс істеуде.

Жылыту маусымына қажетті отын қоры жеткілікті деңгейде. Оның ішінде мазут пен көмір қоры нормативке сай. Барлығы 85,2 мың тонна көмірдің 75 пайызы өңірге жеткізілді. Әлеуметтік нысандар сұйық және қатты отын қорымен толық қамтылған. Облыс аумағында 18 өңірлік оператор көмір тасымалын тұрақты түрде жүзеге асыруда.

Қызылорда жылу электр орталығы мен аудандық қазандықтар штаттық режимде жұмыс жасап тұр. Температуралық режим белгіленген кестеге сәйкес ұсталып, тұрғындарға жылу беру тұрақты түрде қамтамасыз етілуде.

– Жылыту маусымының тұрақты өтуі облыс әкімдігінің ерекше бақылауында. Жылу жүйелері мен қазандықтардың жұмысы күнделікті мониторинг арқылы қадағаланып, кез келген ақау немесе үзіліс дер кезінде шешімін табуда. Отын қоры жеткілікті, температуралық режим белгіленген нормаларға сай қамтамасыз етілуде, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары.

Жалпы алғанда, облыс бойынша жылыту маусымы тұрақты өтуде. Энергетикалық және коммуналдық қызметтердің үйлесімді жұмысы нәтижесінде өңір тұрғындары мен әлеуметтік нысандар жылумен толық қамтылып отыр.