Қызылордада мемлекеттік балабақша жөндеуге мұқтаж

5 132

Қызылордада №14 «Самал» мемлекеттік балабақша ауласының жай-күйі ата-аналардың наразылығын тудырды,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі  Sn.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

Бейнежазбада балабақшаға баратын жолдың ойылып, ескіргені, балалар үшін қауіпті екені анық көрінеді. Көптеген ата-аналар «осы жер шынымен де күнделікті бала баратын орынға лайық па?» деп алаңдаушылық білдіруде. 


Жеке балабақшалардың ішкі және сыртқы көрінісі жарқырап тұрғанымен, мемлекеттік мекемелердің жағдайы әлдеқайда нашар күйде қалып отыр. 

Тұрғындардың бірі: «Балам өзі қуана кірді, ‘мама, пока’ деп мәз болды, бірақ сыртқы көрініс көңілге қаяу салады», – дейді.

Қаладағы мемлекеттік бөбекжайларға бөлінетін қаражаттың жеткіліксіз екенін ата-аналар бірнеше жылдан бері байқап келеді. Олар бұл мәселені шешпей келе жатқан қала әкімдігін сынға алуда.

Осы мәселеге қатысты Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі  "Аталған нысан қазіргі таңда білім бөлімінің бақылауында. Балабақшада биыл ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың ішкі жарықтандыру жүйесі толық жаңартылды. 2026 жылы сырты қоршалып, асфальт төсеу жұмыстары үшін қажетті қаражатты жоспарлау қарастырылып отыр"-дейді.