Қызылорда облысында төтенше жағдайлар қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі курсы басталды
Қызылорда облысында мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның бір дәлелі – төтенше жағдайлар қызметкерлеріне арналған ағылшын тілі курсының басталуы. Аталған оқу бағдарламасы Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасы-на қарасты Қоғамдық келісім және тілдер орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.
Курс Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлеріне арналып, «Ағылшын тілін шет тілі ретінде деңгейлік оқыту» бағдарламасы аясында өтуде. Оның басты мақсаты – қатысушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттырып қана қоймай, кәсіби қызмет барысында
және күнделікті өмірде шет тілін еркін әрі сенімді қолдану дағдыларын қалыптастыру.
Бүгінгі таңда төтенше жағдайлар саласында халықаралық ынтымақтастықтың маңызы артып келеді. Әсіресе, шетелдік тәжірибемен алмасу, халықаралық оқу-жаттығуларға қатысу, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде шетел азаматтарымен тиімді коммуникация орнату үшін ағылшын тілін білу – маңызды талаптардың біріне айналған. Осыған байланысты аталған курс қызметкерлердің кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Сабақтарды тәжірибелі оқытушы И. Бердіғали жүргізеді. Алғашқы сабақ барысында тыңдаушылар оқу бағдарламасының құрылымымен, курстың негізгі мақсат-міндеттерімен және алдағы сабақтардың жоспарымен танысты. Сонымен қатар, қатысушылардың тілдік деңгейін анықтау мақсатында арнайы диагностикалық тест ұйымдастырылды. Бұл тест нәтижелері әр тыңдаушыға жеке оқу траекториясын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқу үдерісін тиімді ұйымдастыру мақсатында қатысушыларға заманауи оқу-әдістемелік құралдар, қосымша материалдар мен практикалық тапсырмалар ұсынылды. Сабақ барысында тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдылары кешенді түрде дамытылады. Әсіресе, кәсіби бағыттағы терминологияға, төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын негізгі сөз тіркестері мен диалогтарға ерекше көңіл бөлінеді.
Курс аясында интерактивті әдістер, топтық жұмыстар, рөлдік ойындар және нақты жағдайларға негізделген практикалық тапсырмалар кеңінен қолданылады. Бұл тыңдаушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып
қана қоймай, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай курстар қызметкерлердің тек тілдік құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың жалпы кәсіби деңгейін көтеруге, халықаралық стандарттарға бейімделуіне және заманауи талаптарға сай жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Жалпы, Қызылорда облысында ұйымдастырылып отырған бұл бастама – кадр әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Алдағы уақытта да осындай білім беру жобалары жалғасып, түрлі сала мамандарының біліктілігін арттыруға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.







