Қызмет жолы – адалдықтың айнасы

1 508

Фото:  ҚАЖДІшкі істер органдарында қызмет ету үшін білім мен біліктілік, сабыр мен төзім, қажыр-қайрат қажет. Ең бастысы – Отанға берген антына адал болып, қызметтік міндетті абыроймен атқару. Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде осы талап үдесінен шығып, ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігі жолында еңбек етіп жүрген қызметкерлер аз емес. Олардың қатарында салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі мамандармен бірге, кәсіби жолын сеніммен жалғастырып жүрген жас буын өкілдері де бар.

Солардың бірі – әділет майоры Ернияз Жеңіс Бақытұлы. Қылмыстық-атқару жүйесі саласында 15 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан ол қызмет жолын қатардағы маманнан бастап, жауапты лауазымдарға дейін сатылап көтерілген.

Мақан Есболатов атындағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясын тәмамдаған Жеңіс Бақытұлы еңбек жолын Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің анықтау саласында бастаған. 2015 жылдан бастап қылмыстық-атқару жүйесінде түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Қызылорда қалалық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы, бөлім бастығы, жедел бөлімнің жедел уәкілі, мекеме бастығының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Бүгінде №37 мекеме бастығының орынбасары лауазымында қызмет етеді.

Жеңіс Бақытұлының мамандық таңдауына бала күнгі арманы мен отбасындағы тәрбиенің ықпалы зор болды. Дәрігерлер отбасында дүниеге келген ол жастайынан нысанды киім киіп, елге қызмет етуді армандаған. Әкесі Бақыт Омаров 30 жылға жуық дәрігер-хирург болып еңбек етіп, өз ісіне адалдығымен үлгі болған.

– Әкем де, анам да Гиппократ антына адал болып, халыққа қызмет етті. Екеуі де медицина саласында абыройлы еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Менің құқық қорғау саласын таңдауыма ата-анам қарсы болған жоқ. Әкем де менің осы жолды таңдауымды қолдады. Өкінішке қарай, әкем өмірден ерте кетті. Бірақ оның маған берген тәрбиесі, айтқан ақыл-кеңесі әлі күнге дейін жол көрсетіп келеді. Әкемнен алған өнегемді өмірлік ұстанымым деп білемін, – дейді Жеңіс Бақытұлы.

Әке тәрбиесін бойына сіңіріп, адалдық пен жауапкершілікті өмірлік қағидасына айналдырған ол бүгінгі қызметінде де осы ұстанымынан айнымай келеді. Белгілі дәрігер, медицина саласының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Сырдария ауданының, Қызылорда қаласының және Қызылорда облысының құрметті азаматы Ернияз Омаровтың немересі Жеңіс Бақытұлы атасының абыройлы жолын жалғастырып, өзі таңдаған салада адал қызмет етіп келеді.

Қызметке адалдық – бір күндік міндет емес, жылдар бойы қалыптасатын ұстаным. Ал Отанға қызмет етуді өмірлік мақсатына айналдырған жандар үшін погон тағу – үлкен мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.