Қызылордада тағы да кісі өлімі: Марқұмның әпкесі бауырын 12 адамның жабылып ұрғанын мәлімдеді

1 500

Фото: Threads, видеодан скринҚызылорда тұрғыны бауырын бір топ адам соққыға жығып, өлтіргенін мәлімдеген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, оқиғаға 12 адам қатысқан болуы мүмкін, алайда әзірге үш күдікті ғана ұсталған. 

Анастасия есімді Threads қолданушысы жазба жариялап, отбасында болған қайғылы оқиға туралы айтып берді. Оның сөзінше, бауырын бір топ адам асқан қатыгездікпен өлтірген. Марқұмның отбасына жеткен ақпарат бойынша, оған 12 адам шабуыл жасаған. Жәбірленушіні бірнеше адам жабылып ұрып, жүрек тұсынан соққы тиген көрінеді.

Алайда Анастасияның мәліметінше, қазір үш күдікті ғана ұсталған. Оның айтуынша, тергеу барысында марқұмды тек үш адам ұрған деген нұсқа қарастырылып жатыр. Алайда куәгерлер шабуылға 12 адам қатысқанын айтқан.

"Менің бір ғана сұрағым бар: егер куәгерлер шабуылға қатысқандардың саны бұдан көп болғанын айтып отырса, неге тергеу тек үш күдіктімен шектеліп отыр? Мен 12 адамның бәрі бірдей дәрежеде кінәлі деп отырған жоқпын. Бірақ әрқайсысының әрекеті мұқият тексеріліп, куәгерлердің сөздері ескерілуін талап етемін", – деп жазды Анастасия.

Бұл ақпаратты Қызылорда облысының полиция департаменті растады.

Полицияның мәліметінше, Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қазір үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

"Іс бойынша алынған барлық бейнежазба зерделенді. Оқиғаға басқа адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Іс бойынша әрбір адамның рөлі мен қатысу деңгейіне тергеу қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды", – делінген хабарламада. 

Полиция өкілдері тергеу барысының департамент басшылығының ерекше бақылауында екенін атап өтті. 

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.