ҚЫЗЫЛОРДАДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ПЫСЫҚТАЛДЫ

1 506

ҚЫЗЫЛОРДАДА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ПЫСЫҚТАЛДЫ

Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің орындалу барысына арналған мәжіліс өткізіп, онда бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Аталған жиында жүктелген міндеттерге сәйкес қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен арнайы мәжіліс ұйымдастырылып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жан-жақты қаралды.

Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жауапты сала мамандары қатысты. Мәжілістің негізгі мақсаты – алғашқы тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралау, бюджеттің орындалу барысын талқылау және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттерді айқындау болды.

Мәжіліс барысында қала бойынша барлық негізгі экономикалық көрсеткіштерде оң динамика қалыптасқаны атап өтілді. Әсіресе, өндіріс көлемінің артуы, кәсіпкерлік саласының дамуы, инвестиция тарту және әлеуметтік салалардағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Сонымен қатар, бюджеттің игерілуі тұрақты бақылауда екені және 1 мамырдағы жағдай бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің шығындары 100 пайыз орындалғаны баяндалды. Бұл – бөлінген қаржының тиімді әрі мақсатты игеріліп жатқанын көрсетеді.

Шаһар басшысы Нұржан Сәбитұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жоспарланған жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы басты назарда болуы керектігін айтты.

– Дербес бөлім басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуын, бөлінген қаржының мерзімінде әрі тиімді игерілуін тұрақты бақылауда ұстауы қажет. Сонымен қатар, қаланың экономикалық өсімі барлық көрсеткіштер бойынша қамтамасыз етілуі тиіс. Әрбір саладағы жұмыс нақты нәтижеге бағытталуы керек, – деді шаһар басшысы.

Жиында күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі – 2025-2026 оқу жылының аяқталуы және мектеп бітіруші түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі болды.

Биыл қала бойынша 4 436 оқушы 11-сыныпты аяқтайды. Осыған орай, қала әкімі жауапты сала мамандарына соңғы қоңырау және аттестат тапсыру рәсімдерін жоғары деңгейде ұйымдастырумен қатар, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

Әсіресе, ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін күндері төтенше жағдайлардың, құқықбұзушылықтар мен оқыс оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.

– Балалардың қауіпсіздігі – басты орында. Мектеп бітіру шаралары кезінде заңсыз ақша жинауға, артық шығындарға, көлік кортеждерін ұйымдастыруға және жалдамалы автокөліктермен бейберекет серуендер өткізуге жол берілмеуі тиіс. Барлық іс-шаралар тәртіп пен қауіпсіздік талаптарына сай ұйымдастырылуы қажет, – деді Нұржан Ахатов.

Сонымен қатар, мектеп ұжымдары мен ата-аналар комитеттеріне сыйлықтарға қаражат жинауға, сән-салтанатты шараларды шамадан тыс өткізуге және балалардың өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге жол бермеу тапсырылды.

Мәжілісте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі де кеңінен талқыланды. Жазғы маусымда оқушылардың бос уақытын тиімді өткізу, сауықтыру лагерьлерінің дайындығы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мәдени-спорттық іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.

Жауапты сала басшылары жазғы демалыс кезеңінде балалардың түрлі үйірмелерге, спорттық және танымдық шараларға қатысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты. Сонымен қатар, жазғы лагерьлердің санитарлық талаптарға сәйкестігі мен қауіпсіздік шаралары тұрақты бақылауда болатыны жеткізілді.

Күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің тағы бірі – суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары болды. Жаз мезгілінің басталуына байланысты өзен-көлдер мен су айдындарында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінді.

Шаһар басшысы бұл бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге тыйым салу шараларын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

– Адам өмірінен артық ештеңе жоқ. Өкінішке қарай, жыл сайын ескертуге қарамастан қауіпсіздік талаптарын сақтамайтын азаматтар кездеседі. Соның салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Сондықтан жағажайлар мен суға түсуге тыйым салынған айдындарда қауіпсіздік шаралары күшейтілуі тиіс, – деді қала әкімі.

Осыған байланысты төтенше жағдайлар қызметіне, полиция бөлімдеріне және жергілікті атқарушы органдарға су айдындары маңындағы бақылауды күшейту, рейдтік шараларды тұрақты ұйымдастыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.

Сонымен қатар, балалардың қараусыз суға түсуіне жол бермеу, арнайы рұқсат етілген жағажайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құтқару құралдарының дайын болуы мәселелері де назарға алынды.

Мәжіліс барысында қала аумағындағы санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының барысы да сөз болды. Қала келбетін жақсарту, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.

Шаһар басшысы жауапты сала жетекшілеріне барлық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде үйлестіріп, белгіленген көрсеткіштердің уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын қорытындысында қала бойынша әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қауіпсіздік мәселелерін күшейту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болатыны айтылды.

Тұрақты даму мен қауіпсіз орта қалыптастыру – ортақ міндет.

@Қала әкімінің баспасөз қызметі