Қызылордалық дәрігердің салғырттығы 19 жастағы жігіттің толық айығып кетуіне қауіп төндіріп отыр

2 506

Фото: Автордың парақшасынан коллаж Қызылорда қаласының тұрғыны Азамат Абимолда бұл мәселені Facebook-тегі жеке парақшасында жазып көтерді. Оның айтуынша, шәкірті Абдулазиз Хакимнің денсаулығына қатысты жағдай алаңдаушылық туғызады. Осыған байланысты ол тиісті мекемелерден мән-жайды түсіндіріп, ресми жауап беруді талап етті, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі. 

 Жазба авторының мәліметінше, 21 мамырда 19 жастағы Абдулазиз Хаким достарымен футбол ойнау кезінде саусағын жарақаттап алған. Оқиғадан кейін ол медициналық көмек алу үшін Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының қабылдау бөліміне жүгінген. Алайда бірнеше күн өтсе де жарақат алған саусағындағы ауырсыну мен қолайсыздық сезімі басылмаған. Кейін жас азамат қосымша тексеруден өту мақсатында жеке медициналық мекемелердің мамандарына қаралған.

«Тексеру нәтижесінде саусақ сүйегінің дұрыс салынбағаны анықталып, шұғыл операция қажет екені айтылған», – деп жазды автор.

 Автордың мәлімдеуінше, оқиғаның анық-қанығына көз жеткізу үшін ол облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы жауапты мамандармен сөйлескен. Оның айтуынша, облыстық аурухана науқасты қабылдап, тексеруге әзір екенін хабарлаған. Алайда ұлының денсаулығына алаңдаған анасы оны әрі қарай емдету үшін Түркістан облысына апаруды жөн көрген.

 Түркістандағы медицина мамандары жүргізген алғашқы тексерулердің нәтижесі отбасының алаңдаушылығын одан сайын күшейте түскен.

«Саусақтың толық қызметін қалпына келтіру мүмкіндігі шектеулі, бүгілуі шамамен 70 пайыз деңгейінде ғана болуы ықтимал деген мәлімет айтылды», – дейді әлеуметтік желі қолданушысы.

 Қала тұрғыны жариялаған жазбасында Қызылорда қалалық көпбейінді ауруханасының басшысы Нуридин Амитов пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Алмас Әбілпаттадан аталған жағдайға қатысты ресми жауап беруді сұраған. Сонымен қатар ол өз міндетін тиісті деңгейде атқармаған медицина қызметкерінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шара қолданылуын талап еткен.

– Ауырған соң, ауруханаға көмек сұрап барамыз. Бірақ көмек сұрағандардан көмек емес, өмір бойына қорлық көрген қиын екен?! Шыны керек, немқұрайдылық танытқан дәрігердің кесірінен отбасына үлкен шығын, баланың тән мен жанына дақ әкеліп тұр. Енді тек бәрі оңынан болсын деп отырмыз. Алайда бұл оқиғадан жауаптылар жазалануы керек. Әйтпесе тағы да өзге адамның тағдырына қауіп әкелмесіне кім кепіл?! – деп күйінді қала тұрғыны.

 Аталған жазбаға қатысты Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасы пікір білдірді. Басқарма өкілдерінің мәліметінше, оқиға бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасына жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ тексеру қорытындысы шыққаннан кейін қолданыстағы заң талаптарына сәйкес тиісті шешім қабылданатыны хабарланды.

 Алайда бұл жауап жазба авторын қанағаттандырмаған. Осыған байланысты ол қосымша талаптар қойып, мәселенің толық әрі ашық қаралуын сұрады.

Сонымен қатар, аталған медициналық көмекті көрсеткен дәрігердің аты-жөнін ресми түрде ұсынуыңызды талап етемін! Өйткені жәбірленушінің отбасы болған оқиға бойынша сотқа жүгіну және жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуін талап ету мәселесін қарастыруда, - деп нақты жазды автор.