Қызылорда облысында егістік алқаптарына су жеткізу үшін құтқарушылар әкелінді

2 308

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігіСырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі мен топырақ ылғалдылығының азаюына байланысты ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмысы тәулік бойы жалғасып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Биыл шілде айынан бастап құтқарушылар Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш, Қазалы және Шиелі аудандарында шұғыл іс-шараларға тартылды. 

– Жұмыс жүргізілетін аймаққа еліміздің барлық өңірінен күш-құралдар жіберілді. Барлығы 77 қызметкер, 26 техника, 25 жылжымалы сорғы станциясы тартылған. Бұл егістік алқаптарына су жеткізу мәселесін тиімді шешуге мүмкіндік береді, -делінген хабарламада.

Осы күнге дейін егістіктерді суару үшін 14 595 017 текше метр су айдалды.

Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары бұған дейін Сырдария өзенінен суды заңсыз алып келген 9 тіркелмеген сорғы қондырғысын анықтады.

Жұмыс екі ауысымда ұйымдастырылған, іс-шаралар тұрақты бақылауда. Құтқарушылар күрделі далалық жағдайда еңбек етіп, жоғары дайындық деңгейін, кәсібилігін және қызметтік борышына адалдығын көрсетеді.

Төтенше жағдайлар министрлігі климаттық сынақтар жағдайында аграрлық секторды қолдау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды жалғастыруда.