ҚАЗАЛЫ АУДАНЫНДАҒЫ ТҰҚЫМБАҚТАРДЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

1 509

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арал теңізінің құрғаған ұлтанында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында бес жыл ішінде 1 миллион 100 мың гектар аумаққа сексеуіл егу жөніндегі тапсырмасы жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. 

Ел көлеміндегі маңызды экологиялық бастама аясында Қызылорда облысында ауқымды жұмыстар атқарылып, Арал теңізінің құрғаған табанын орман-мелиорациялық әдіспен көгалдандыру жұмыстары қарқын алған. Бүгінде өңірде сексеуіл көшеттерін дайындау үшін орман шаруашылығы мекемелері жанынан уақытша және тұрақты тұқымбақтар ұйымдастырылған. Бұл бастама экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтірумен қатар, өңірдегі құм көшкінін азайтуға, шаңды дауылдардың алдын алуға және табиғи ортаны сақтауға бағытталған. Осы жұмыстардың жүзеге асу барысымен танысу мақсатында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Елемесов Қызылорда облысына арнайы жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапары барысында ол Арал теңізінің құрғаған ұлтанында жүргізіліп жатқан орман-мелиорациялық шаралардың орындалу деңгейімен танысып, сексеуіл көшеттерін өсіру және отырғызу жұмыстарына назар аударды. Мақсат Мұратұлы өңірдегі жұмыс сапарын Қазалы ауданында орналасқан сексеуіл көшеттерін өсіретін тұқымбақтардың жұмысымен танысудан бастады. Арнайы жұмысшы топ құрамында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Еркебай, Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағамбетов, «Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК бас директоры Әліби Ғазиз және Ә.Н. Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институты облыстық филиалының директоры Самалбек Қосанов болды. Алдымен жұмысшы топ Республикалық орман селекциялық тұқым өсіру орталығының Қазалы қаласындағы филиалының және Қазалы орман мекемесінің тұрақты тұқымбақтарының жұмысымен танысты. Аталған филиал 2011 жылы пайдалануға берілген. Мұнда табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген әртүрлі сәндік және жеміс ағаштарының көшеттері өсіріледі. Тұқымбақта таулы аймақтарда өсетін айлант, катальпа, туя секілді сәндік ағаштардың 10-нан астам түрі жерсіндірілген. Сонымен қатар жеміс ағаштарының бес түрі өсіріліп келеді. Мамандардың айтуынша, бұл көшеттер өңірді көгалдандыру және экологиялық ортаны жақсарту мақсатында пайдаланылуда. Сонымен қатар Арал теңізінің құрғаған табанына егілетін сексеуіл көшеттері де осы орталықта дайындалады. Өткен жылдың күз мезгілінде тұқымбақтағы 3,33 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілген. Қазіргі таңда көшеттердің шығымдылығы жоғары деңгейде қалыптасқан. Мамандардың мәліметінше, осы аумақтан 1 миллионнан астам дана сексеуіл өсіп шыққан. Жұмыс сапары барысында мамандар сексеуіл көшеттерінің өсіп-жетілу барысын көрсетіп, олардың Арал теңізінің құрғаған ұлтанына отырғызылатынын айтты. Биыл күз айларында тұқымбақтағы тағы 5 гектар жерге сексеуіл тұқымын егу жоспарланып отыр. Бұл алдағы уақытта орман-мелиорациялық жұмыстар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жұмысшы топ 2024 жылы Дүниежүзілік банктің қаржыландыруымен салынған жаңа тұқымбақтың жұмысымен де танысты. Аумағы 33,5 гектарды құрайтын жаңа нысанға жалпы құны 440,7 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Бұдан бөлек арнайы техникалар сатып алуға қосымша 179 миллион теңге бөлінген. Жаңа тұқымбақта сексеуілден бөлек түрлі сәндік және жеміс ағаштарының көшеттері өсірілуде. Бұл көшеттер кейін Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы орман-мелиорациялық жұмыстарға және өңірді көгалдандыру мақсатында пайдаланылады. Мамандардың айтуынша, тұқымбақта көшеттерді суару үшін заманауи технологиялар енгізілген. Арнайы суару жүйелері арқылы көшеттердің сапалы өсіп-жетілуіне жағдай жасалған. Бұл өз кезегінде су үнемдеуге және көшеттердің шығымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда тұқымбақ аумағындағы 10 гектар жерге сексеуіл тұқымы себілген. Көктем мезгілінде мұнда 3 миллион данаға жуық сексеуіл көшеттері дайындалып, кейін Арал теңізінің құрғаған табанына отырғызылады. Сонымен қатар тұқымбақта жыл сайын сәндік және жеміс ағаштары тұрақты түрде егіліп келеді. Айта кету керек, бұл жоба экологиялық маңызымен қатар әлеуметтік тұрғыдан да үлкен рөл атқаруда. Қазіргі уақытта аталған тұқымбақта жергілікті жерден 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Жұмыс сапары барысында арнайы топ мүшелері өңірдегі орман-мелиорациялық жұмыстардың барысын талқылап, алдағы міндеттерге тоқталды. Мамандар сексеуіл егу жұмыстары экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды рөл атқаратынын айтып, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді. Сонымен қатар жұмысшы топ өкілдері Арал теңізінің құрғаған табанындағы орман алқаптарын көбейту – өңірдегі климаттық өзгерістердің кері әсерін азайтуға ықпал ететін маңызды экологиялық жоба екенін атап өтті. Сексеуіл алқаптарының көбеюі құм көшкінін тоқтатып, тұзды шаңның таралуын азайтуға, сондай-ақ табиғи ортаның қалпына келуіне оң әсер етеді. Жиын соңында жауапты мамандар өңірдегі орман шаруашылығы жұмыстарын жетілдіру, көшет өсіру көлемін арттыру және Арал маңындағы экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Қазалы ауданындағы тұқымбақтардың жұмысы бүгінде еліміздегі маңызды.