ЖАЛАҒАШТА ӘЛЕУМЕТТІК САЛАДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАН-ЖАҚТЫ ҚАРАЛДЫ

1 504

Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменовтің төрағалығымен әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерге арналған кеңейтілген жиын өтті. Жиынның негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларының орындалу барысын талдау және олардың тиімділігін күшейту болды.

Күн тәртібінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік беретін Отбасылық цифрлық карта жобасының жүзеге асырылу барысы кеңінен қаралды. Жоба аясында әр отбасының әлеуметтік жағдайын нақты анықтап, оларға қажетті қолдау түрлерін дер кезінде ұсыну мәселесіне ерекше мән берілді.

Сонымен қатар, «Д» және «Е» санаттарына енгізілген азаматтарға көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау тетіктері талқыланып, осы бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижелері тыңдалды. Жауапты мекемелер тарапынан есеп беріліп, кейбір бағыттар бойынша қосымша жетілдіру қажеттігі атап өтілді.

Жиында әлеуметтік осал топтарды қолдау мәселесіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау, тұрақты жұмыспен қамту шараларына тарту, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігін арттыру және тұрмысы төмен отбасылармен жеке жұмыс жүргізу бағыттары жан-жақты сараланды. Әрбір отбасының нақты жағдайына қарай жеке тәсіл қолдану қажеттігі де айтылды.

Сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін мекенжайлық негізде жұмыс жүргізу, әлеуметтік көмекті нақты әрі әділ бөлу, өтініштерге жедел жауап беру сияқты міндеттер алға қойылды.

Жиын қорытындысында аудан әкімінің орынбасары жауапты сала басшыларына халыққа көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды, жұмыстарды жүйелеуді және әрбір азаматтың әлеуметтік жағдайын мұқият зерделей отырып нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдауды тапсырды.

Фото: Жалағаш ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі