Ардагерлер «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тал егу рәсіміне қатысты

1 542

Қызылордада республикалық ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы өтіп, қатысушылар жаңғыртылып жатқан Президент паркі аумағында тал егу шарасына қатысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өткен акцияға эковолонтёрлер, «Жастар Рухы» ұйымының белсенділері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің еріктілері, жастар ұйымдарының өкілдері, құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалардың басшылары қатысты. Іс-шара барысында 165 түп қайың, үйеңкі және туя көшеті отырғызылды.

Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы қонақтарға Президент саябағын қайта жаңғырту жұмыстарының барысын таныстырды. Қаладағы ірі демалыс орнына айналатын бұл аумақта ауқымды абаттандыру жобалары іске асырылып жатыр. Бас мердігер Bi Global ЖШС саябақта үш аллея, алты субұрқақ, бес амфитеатр, жеті балалар ойын алаңы, төрт спорт алаңы, төрт workout аймағы, жеті демалыс орны, төрт фудкорт, теннис үстелдері, веложолақтар, жүгіру жолдары, би алаңы, стритбол және футбол алаңдары, сарқырама арналары мен олардың үстінен өтетін көпірлер, сондай-ақ 50 метрлік айналмалы дөңгелек аттракцион орналастыруды жоспарлап отыр.

Саябақ аумағында төрт мезгіл жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы салынып жатыр. Бұл жобаның бас мердігері Alem Qurylys AQ ЖШС. Жобаға спорт блогы, іс-шараларға арналған event алаңы, балаларға арналған тұрғын корпустар, қонақ үй үлгісіндегі шағын ғимараттар, киіз үйлер, ашық бассейн, стадион, футбол алаңы және сахна кіреді.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында облыстың барлық елді мекенінде санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Акцияларға 484 мыңнан аса ерікті, қоғам қайраткерлері, бюджет қызметкерлері мен кәсіпорын жұмысшылары қатысып, 21 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Өңірдегі 510 сквер мен парк, 256 тарихи-мәдени ескерткіш, 1019 әлеуметтік нысан, 3733 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 332 су айдыны, 44 394 көше, 11 025 көпқабатты үйдің ауласы және 33 369 жеке үй ауласы тазартылды. Жұмысқа 540-тан астам техника жұмылдырылды.

Жыл басынан бері облыс бойынша өңір климатына бейім 255 500 түп қарағаш, терек және Сыр талының көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру жұмыстары жыл бойы жалғасады.

OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.