Қызылорда облысының әкімі Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барды

1 510

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барды. Жұмыс сапары барысында өңірдің тарихи-мәдени нысандары, ауыл шаруашылығы саласының дамуы, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы назарға алынды.

Аймақ басшысының жұмыс сапары қайта жаңғыртудан өткен Оқшы ата кесенесі аумағын аралаудан басталды. Тарихи нысан Шиелі ауданының Жөлек ауылынан 7 шақырым қашықтықта орналасқан және IX-X ғасырларда салынған көне архитектуралық ескерткіштердің бірі саналады. Оқшы ата кесенесі – Сыр өңіріндегі тарихи-рухани мұралардың маңызды нысандарының бірі ретінде ел арасында ерекше құрметке ие. 

Облыс әкімі тарихи кешенде жүргізілген қайта қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарымен танысып, нысан аумағын абаттандыру мәселесіне ерекше назар аударды. Аймақ басшысы жауапты мамандарға тарихи орынның сәулеттік келбетін сақтай отырып, туристер мен зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасау бағытында нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар кесене маңындағы санитарлық тазалық, көгалдандыру және инфрақұрылымдық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу қажеттігі айтылды.

Жұмыс сапары барысында делегация Алғабас ауылындағы Жер – Жомарт Д шаруа қожалығы егістік алқабына барды. 2014 жылы құрылған шаруашылық бүгінде ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы іргелі құрылымдардың біріне айналған. Шаруашылық негізінен күріш және бау-бақша өнімдерін өсіруге басымдық береді. Сонымен қатар егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Биыл шаруашылық 1256 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын еккен. Оның ішінде 214 гектарға күріш, 175 гектарға бау-бақша өнімдері, 80 гектарға жоңышқа орналастырылған. Шаруашылықта 17 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосып отыр. Аймақ басшысы егін алқабында шаруалармен кездесіп, аграрлық саланы дамыту бағытында пікір алмасты. Кездесу барысында су үнемдеу технологияларын енгізу, егін өнімділігін арттыру, заманауи техникаларды пайдалану және мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде сөз болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Мұрат Нәлқожаұлы ауыл шаруашылығы өңір экономикасының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, шаруаларды еңбек өнімділігін арттыруға және жаңа технологияларды тиімді пайдалануға шақырды. Сондай-ақ мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру мәселесіне де тоқталды.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Шиелі кентіндегі Руханият орталығы ғимаратында аудан тұрғындарымен кездесті. Басқосуға аудан ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері, жастар, қоғамдық ұйым мүшелері және тұрғындар қатысты. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, инфрақұрылымды жетілдіру, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендерді дамыту мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлер тыңдалып, өңірдің алдағы даму жоспарына қатысты ойлар ортаға салынды. Облыс әкімі өз сөзінде елдің бірлігі мен тұрақтылығын нығайтуда жұртшылықтың, ел ағаларының және белсенді азаматтардың ақыл-кеңесі мен ұсыныстарының маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, халықпен тұрақты байланыс орнату және тұрғындардың пікірін ескеру – өңірді дамытудағы басты қағидалардың бірі.

– Елдің дамуы мен тұрақтылығы – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау, тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асу әрдайым маңызды. Мемлекет тарапынан қолға алынған бастамалардың нәтижелі болуы халықтың қолдауына тікелей байланысты, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Кездесуге жиналған көпшілік өңірде жүзеге асырылып жатқан бастамаларға оң бағасын беріп, алдағы жоспарлардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар тұрғындар әлеуметтік инфрақұрылым, жол, ауызсу, жастарды қолдау және ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Жұмыс сапары соңында облыс әкімі 836 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен Шиелі теміржол вокзалы ғимаратында болды. Ғасырдан астам тарихы бар теміржол вокзалы бүгінде аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін маңызды нысандардың бірі саналады. Жөндеу жұмыстары барысында вокзал ғимараты толық жаңғыртылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілген. Ғимараттың жалпы ауданы 637 шаршы метрді құрайды. Қазіргі таңда вокзал ауданның сәулетті нысандарының біріне айналып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Мамандардың мәліметінше, теміржол вокзалынан тәулігіне 200-ге дейін жолаушы сапарға шығады. Нысанда күту залдары, қызмет көрсету орындары, санитарлық тораптар және жолаушыларға қажетті өзге де инфрақұрылымдар жаңартылған. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау бағытында арнайы талаптар ескерілген. Аймақ басшысы вокзал ғимаратын аралау барысында жауапты сала басшыларына нысанның техникалық жағдайын тұрақты бақылауда ұстауды және жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар аудан орталығындағы инфрақұрылымдық нысандарды кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасатынын атап өтті. Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі жауапты сала жетекшілеріне кент және елді мекендерді дамыту, тарихи-мәдени нысандарды сақтау, ауыл шаруашылығы саласын қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ барлық жобалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.