ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ БЛОГЕРЛЕР ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

1 505

ӘЛЕМГЕ ТАНЫМАЛ БЛОГЕРЛЕР ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТ САЯБАҒЫМЕН ТАНЫСТЫ

Бүгін Қызылорда қаласына арнайы келген әлемге танымал блогерлер Дастан Мұхамедрахым мен Джо Хаттабқа облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай және қала әкімі Нұржан Ахатов қайта жаңғыртылған Президент саябағын таныстырды.

Кездесу барысында қонақтарға облыс орталығында соңғы жылдары жүзеге асқан ауқымды инфрақұрылымдық жобалар, қаланың сәулеттік келбетін жаңғырту бағытындағы жұмыстар, әлеуметтік нысандар құрылысы және өңірдің туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Президент саябағы бүгінде Қызылорда қаласының ең көрікті әрі тұрғындар мен қонақтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналған. Соңғы жылдары жүргізілген кешенді қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде саябақ заманауи талаптарға сай абаттандырылып, қала тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне арналған көпфункциялы қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасты.

Саябақты аралау барысында қонақтарға оның инфрақұрылымдық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Мұнда заманауи субұрқақтар кешені, ашық аспан астындағы амфитеатр, балалар ойын алаңдары, спорттық жаттығу аймақтары, би алаңдары, шахмат ойнауға арналған арнайы орындар орналасқан.

Сонымен қатар, саябақ аумағында баскетбол және шағын футбол алаңдары салынған. Бұл нысандар жастардың бұқаралық спортпен айналысуына және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.

Қала тұрғындарының ерекше қызығушылығын тудырған нысандардың бірі – биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі. Заманауи аттракцион арқылы қаланың көрікті келбетін тамашалауға мүмкіндік жасалған. Блогерлер шолу дөңгелегінің мүмкіндіктерімен танысып, Қызылорданың жаңа сәулеттік келбеті мен заманауи даму қарқынына жоғары баға берді.

Президент саябағында жаяу серуендеуге арналған кең жолақтар, велосипед тебуге арналған арнайы бағыттар мен жүгіру жолдары салынған. Бұдан бөлек, санитарлық-гигиеналық талаптарға толық сәйкес келетін қызмет көрсету нысандары орналастырылған.

Жалпы аумағы 31 гектарды құрайтын саябақтың жасыл желек қоры ерекше назар аудартады. Мұнда екі мыңнан астам ағаш отырғызылып, елу мыңнан астам сәндік бұта егілген. Сондай-ақ, он жеті түрлі көпжылдық гүлдер мен ландшафтық композициялар саябақтың эстетикалық тартымдылығын арттыра түскен.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев өңірдің соңғы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.

Оның айтуынша, Қызылорда облысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және туризм салаларына басымдық беріліп келеді.

Қонақтарға саябақ аумағында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар таныстырылды.

Атап айтқанда, мұнда 300 орындық заманауи балалар лагері салынған. Балалардың жан-жақты дамуына арналған бұл кешенде демалыс пен білім беруді ұштастыруға мүмкіндік жасалған.

Сонымен бірге жақында пайдалануға берілген Ботаникалық білім беру орталығының қызметі туралы ақпарат ұсынылды. Орталық оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылығын арттыруға және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Қазіргі таңда Президент саябағы аумағында тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Жалпы көлемі 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Бұл жобалар облыс орталығындағы тұрғын үй қорын ұлғайтуға және халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ саябақ маңында 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүргізілуде. Аталған медициналық мекеме ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған заманауи технологиялармен жабдықталады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа драма театрдың құрылысы басталған. Бұл нысан өңірдің мәдени өміріне жаңа серпін беріп, өнерсүйер қауымның рухани сұранысын қамтамасыз ететін маңызды орталыққа айналмақ.

Қазіргі уақытта Президенттік кітапхана құрылысы да жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін кітапхана ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық бағыттағы маңызды орталық ретінде қызмет көрсетеді.

Кездесу барысында блогерлерге өңірдің туристік әлеуеті туралы кеңінен мәлімет берілді.

Сыр өңірі – тарихы терең, мәдени мұрасы бай аймақтардың бірі. Мұнда ежелгі өркениет ошақтары, тарихи-мәдени ескерткіштер, табиғи ландшафттар мен бірегей туристік бағыттар шоғырланған.

Қонақтарға Қорқыт ата мемориалдық кешені, Байқоңыр ғарыш айлағы, Жанкент қалашығы, Сығанақ және басқа да тарихи орындар туралы ақпарат ұсынылды.

Кездесуде блогерлер Қызылорда қаласының даму қарқынына, заманауи сәулеттік келбетіне және қоғамдық кеңістіктердің сапасына жоғары баға берді.

Әлемге танымал саяхатшы әрі деректі фильм режиссері Джо Хаттабтың сапары өңір туризмін халықаралық деңгейде насихаттауға үлкен мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Джо Хаттаб халықаралық аудитория арасында кеңінен танылған араб тревел-документалисі, режиссер, бейнеграф және YouTube платформасының танымал авторларының бірі.

Қазіргі уақытта оның әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан астам адамды құрайды. Оның бейнематериалдары әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрерменнің қызығушылығын тудырып келеді.

Джо Хаттабтың шығармашылығы дәстүрлі туристік блог форматынан әлдеқайда кең. Ол әлемнің түрлі мемлекеттеріндегі ерекше мәдениеттерді, шалғай аймақтардағы халықтардың өмір салтын және сирек кездесетін тарихи құндылықтарды зерттеуге бағытталған деректі жобаларымен танымал.

Блогер Эверест тауындағы шерпалардың өмірі, Амазонка джунглилеріндегі байырғы тайпалар, Солтүстік Корея, Куба және басқа да әлем назарындағы өңірлер туралы бірегей фильмдер түсірген.

Сонымен қатар оның деректі жобалары экология, әлеуметтік теңсіздік, кедейлік, дәстүрлі кәсіптер және адам тағдыры секілді өзекті тақырыптарды қамтиды.

Джо Хаттабтың жеке медиа өндірістік компаниясы – Joe Hattab Production халықаралық деңгейде жоғары сапалы контент өндірумен айналысады. Компания түсірілім барысында ең заманауи камералар, кинематографиялық жабдықтар мен кәсіби дрондарды пайдаланады.

Оның бейнежобалары ерекше көркемдік шешімімен, сапалы монтажымен және деректі фильмге тән кәсіби тәсілімен ерекшеленеді.

Блогер бұған дейін Sony, Emirates, Samsung, Facebook және Google секілді әлемдік брендтердің ресми амбассадоры ретінде жұмыс істеген.

Сондай-ақ оның Қазақстан, Жапония және Сауд Арабиясы туралы түсірген жобалары халықаралық аудиторияның қызығушылығын арттырып, аталған мемлекеттердің туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал еткен.

Кездесу барысында қонақтарға Қызылорда облысының инвестициялық әлеуеті, экономикалық даму көрсеткіштері және халықаралық ынтымақтастық бағыттары таныстырылды.

Облыс басшылығы өңірдің шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Туристік инфрақұрылымды дамыту, тарихи-мәдени мұраларды жаңғырту және халықаралық ақпараттық кеңістікте өңірдің имиджін ілгерілету бағытында нақты жобалар жүзеге асуда.

Алдағы екі күн ішінде танымал блогерлер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне барып, тарихи-мәдени мұралармен танысады.

Сонымен қатар олар Байқоңыр ғарыш айлағында болып, әлемдік маңызы бар ғарыш кешенінің қызметі туралы арнайы деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр.

Сапар нәтижесінде дайындалатын бейнематериалдар миллиондаған халықаралық аудиторияға ұсынылып, Сыр өңірінің туристік мүмкіндіктерін кеңінен танытуға ықпал етеді деп күтілуде.

Жалпы, әлемге танымал блогерлердің Қызылорда облысына келуі өңірдің халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттырып, туризм мен мәдени байланыстарды дамытуға жаңа серпін береді. Бұл сапар Сыр өңірінің тарихи мұрасы мен заманауи даму жетістіктерін әлем жұртшылығына таныстырудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі