Алдағы үш жылда Аралдың құрғаған бөлігіне 1,1 млн гектар сексеуіл егіледі

425
Құмды және сортаң жерлерде өсетін сексеуіл - шөлге төзімді, адам мен қоршаған ортаға пайдасы қашан да ұшан-теңіз болған.Қазір де солай. Діңі мен бұтақтары қатты, тамыры тереңнен су соратын ол шаңды дауылға төтеп бере алады, жерді сор мен құм құрсауынан сақтайды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Деректерге сүйенсек, жер көлемі 272 миллион гектарды (2 724 902 км²) алып жатқан Қазақстан территориясының тең жарымынан көбі шөлейтті және құмды. «Балығы тайдай тулаған» Арал теңізінің тартылуынан еліміздегі сортаң жерлер одан сайын ұлғайды. Әлемде төртінші үлкен теңіз болған Аралдың бұл күнде 4 миллион 600 мың гектар жері құрғап қалды. Оның 2,2 миллион гектардан астамы Қазақстан, ал 2,3 миллионы Өзбекстан аумағында жатыр. Сөйтіп, ірі Аралқұм шөлі қалыптасты. Мамандардың есебінше, жыл сайын осы жерлерден ауаға 100 миллион тоннадан астам улы тұз, шаң мен құм көтеріліп, дүниенің әр қиырына тарауда. Осылайша, Аралдағы экологиялық апат өңірлік қана емес, жаһандық күрделі мәселеге айналды. «Мұндай зиянды тұз түйіршіктері желдің екпінімен осылай жайыла берсе, онда Арктикаға дейін жетіп, мұздардың еруін жылдамдатуы мүмкін» деп, экологтар дабыл қағуда. Мұздықтар суға айналса, оның салдарын елесетудің өзі қорқынышты.

Бұл - проблеманың бір жағы. Өзгесі де оңай емес. Дауыл тұрса болды, Аралдың қаңсыған түбіне құм жиналып, біртіндеп көшіп, жақын маңдағы елдімекендерге қауіп төндіруде. Бұрын теңіз жағасында тұрған Ақеспе, Шижаға, Сазды, Қосаман, Көне Қаратерең, Аралқұм сынды ауылдардың біраз бөлігі бүгінде құм құрсауында қалған. Аралдан шаң араласқан зиянды тұздың көтерілуін тежеп, құмның көшуін тоқтатып, тығырықтан шығарудың жалғыз жолы - теңіздің кеуіп кеткен табанына сексеуілді көптеп отырғызып, көгалдандыру. Ғалымдар пікірі осыған саяды.

Қазіргі кезде бірнеше жоба қолға алынған. Мәселен, соңғы 2 жылда Аралдың ұлтанына 5 миллион сексеуіл көшеті отырғызылыпты. Бір таңқаларлығы, 1 түп сексеуіл 4 тонна құмды тоқтатып, жылжытпай ұстап тұра алады екен. Мұндайда: «Неге 4 тонна?» - деген сұрақ туатыны заңды. Сарапшылардың есебінше, 1 үйді толық көміп тастауға дәл осынша мөлшерде құм жеткілікті. Яғни, бір қарағанда кіп-кішкентай ғана болып көрінетін 1 түп сексеуіл тұтас бір үйді сусылдаған құмның астында қалудан сақтайды.

Қызылорда облысы әкімдігінің дерегінше, өңірде 3,4 миллион гектар орман алқабы бар, оның 89 пайызын сексеуіл алып жатыр. Ал 2022-2025 жылдар аралығында Аралдың құрғаған бөлігіне 1,1 млн гектар сексеуіл отырғызу жоспарланып отыр. Оған қоса, 500 мың гектар аумақ картаға түсірілмек. Биыл сор болып жатқан 100 мың гектар жерге тікұшақпен сексеуіл тұқымы себілмек. Жоспар бойынша бұл жұмыс осы желтоқсан айында басталуы тиіс. Өте баяу өсетіндіктен, мамандар бұл сексеуілдер 2030, тіпті 2040 жылдары ғана орманға айналады деп топшылауда.

Осы тұста атап өтерлігі, Аралдың экологиялық проблемасын шешуге шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар да атсалысуда. Биыл көктемде Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Корея Республикасының Орман шаруашылығы қызметі бірігіп, Арал теңізінің кепкен табанының 5 мың гектар аумағына сексеуіл отырғызды. Ал сәуірде Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен Арал ауданында екі сексеуіл жылыжайы және туманарий ашылды. Жоба мақсаты – сексеуілді жабық жерде өсіріп, тамыр жайдыру. Ал 2022 жылдың көктемінен бастап осы жылыжайларда күтіп-бапталған 2000 сексеуіл көшеті кенезесі кепкен жерлерге отырғызылады. Екі жылда бұл көшеттер Аралқұмның 10 гектардай алқабын жауып, 8 мың тоннаға жуық құмға тосқауыл болмақ.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, алдағы уақытта Арал табанында сексеуіл отырғызудың арнайы бағдарламасы қабылданбақ. Өзбекстанмен тәжірибе алмасып, ғалымдардың бірлескен экспедициясы ұйымдастырылады.

Осылайша, ғасыр проблемасына айналған Аралдағы экологиялық апатпен күресу үшін көп жұмыс істелуде. Бірақ, бір әттегенайы, теңіздің қайта қалпына келмейтіні. Мамандар осылай дейді. Өйткені, оған құятын Сырдария мен Әмударияның суы азайып кеткен. Сондықтан, Аралдың әбден кеуіп, сортаңға айналған түбін көгалдандырудан басқа жол жоқ. Ол үшін «Қызыл кітапқа» енген сексеуілді көздің қарашығындай қорғап, оны көбейтіп, тиімді пайдалану - басты міндет.

«Ағаш бар жерде, өмiр бар» деп жатады. Арал экологиялық апат аймағы емес, адамдардың өмір сүруіне, жан-жануарлардың тіршілігіне қолайлы ортаға айналу үшін сексеуілдің қаншалықты маңызды екенін осы деректерден-ақ аңғаруға болады. Осындайда ақын Сырбай Мәуленовтың сексеуіл жайлы: «Еккен оны түркімен, Қоймаған соң құм қаптап. Жолды апат-бүліктен, Сексеуілдер тұр сақтап» деген өлең жолдары еске түседі. Иә, ебін тапса сексеуілді орманға айналдыруға болады. Шаңды дауылға төтеп беріп, құмға да тосқауыл бола алатын бұл қайсар ағаш Арал проблемасын аз да болса шешіп жатса, бір міндеттің орындалғаны.