Қазақ тілі Netflix-ке шықты: жаңа корей-жапон сериалында Алматы көрсетілді
Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.
Netflix платформасында 20 қарашада жарық көрген «Көк жол» (The Blue Road) атты корей-жапон детектив сериалынан Алматының көріністері көрсетілді, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.
Сегіз бөлімнен тұратын туындының соңғы эпизодында қазақтың кең даласы, қар жамылған Іле Алатауы және қазақша сөйлеген балалар бейнеленген.
Жаңа сериалдың басты кейіпкерлері – Оңтүстік Корея мен Жапонияның екі тергеушісі. Олар екі елде қатар орын алған қатыгез қылмыстардың құпиясын ашуға тырысады. Қылмыс орындарынан әртүрлі тілде жазылған жұмбақ хабарламалар табылады. Кореяда жасалған қылмыс орнында жапон тіліндегі, ал Жапонияда болған қылмыс орнында корей тіліндегі жазулар қалдырылады. Осыдан кейін екі елдің тергеушілері қылмыскерді бірлесіп іздеуге кіріседі.
Алматы көріністері соңғы бөлімде көрсетілді
Сериалдың сегізінші, яғни соңғы бөлімінде оқиға Қазақстанға ауысады. Сюжет бойынша, корей тергеушісі қылмыскерді іздеп елімізге келеді. Көрермендер эпизодтан Алматы теміржол вокзалын, қала көшелерін, пойыздарды, қар басқан Іле Алатауының көріністерін және қазақ даласын байқаған. Сонымен қатар, сериалда қазақ тілінде сөйлейтін балалардың көрінуі де отандық көрермендердің назарын аударды.
«Netflix-тен қазақ тілін есту ерекше әсер етті»
Жаңа туынды әлеуметтік желілердегі қазақстандық дорама жанкүйерлерінің де қызығушылығын тудырды. Көрермендердің бірі сериалдың түсірілімі Алматыда өткенін бұрыннан білгенін және оның жарыққа шығуын күткенін жазған.
«Былтыр Алматыда түсірілім болды деп біраз ақпарат шыққан еді. Өзі де Instagram-ға салған болатын. Содан бері күтіп жүргенмін. Бүгін толық көріп біттім. Ұнады», – деп жазды көрермен.
Ол әсіресе Қазақстанның халықаралық стриминг платформасындағы туындыдан көрінуі ерекше әсер қалдырғанын жеткізген.
«Біздің тілді естігенім және Алматы жерінде түсірілгені қуантты. Ойлашы, Netflix-те!» – деп бөлісті әсерімен желі қолданушысы.
Тағы бір көрермен актерлер Сон Сок Гу мен Чон Джэ Ённың ойынын жоғары бағалаған.
«Сон Сок Гу мен Чон Джэ Ён – менің сүйікті актерлерімнің бірі. Сок Гудың харизмасының өзі не тұрады! Тіпті ойнамай, жай ғана кадрға түссе де жеткілікті», – деп жазды ол.
Сериал туралы не белгілі
«The Blue Road» – қылмыс пен жұмбақ оқиғаларға негізделген сегіз бөлімдік детектив триллер. Оның басты рөлдерін оңтүстіккореялық актер Сон Сок Гу мен жапониялық актер Эйта Нагаяма сомдайды. Туындының оқиғасы 2002 жылы, Оңтүстік Корея мен Жапония футболдан әлем чемпионатын бірлесіп өткізген кезеңде өрбиді.
Сериалдың режиссері – Хан Джун Хи. Туынды 2026 жылғы 20 қарашадан бастап Netflix платформасында көрсетіліп жатыр. Қазақстандық көрермендер үшін сериалдың ерекшелігі – Алматының таныс орындары мен қазақ тілінің халықаралық аудиторияға арналған туындыда көрініс табуы.
Қаз
Рус






