ҚЫЗЫЛОРДАДА «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

1 510

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

ҚЫЗЫЛОРДАДА «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Бүгін Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбында «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті. Маңызды басқосуға еліміздің әр өңірінен келген қоғам белсенділері, аналар, ғалымдар, мемлекеттік орган өкілдері, мәдениет және өнер саласының майталмандары, отбасы институтын нығайту бағытында еңбек етіп жүрген мамандар мен делегаттар қатысты.

Форумға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, ғалым, биотехнолог, отандық «QazVac» вакцинасының авторы Күнсұлу Закария, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Назипа Шанаи, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, әнші Мәдина Сәдуақасова және еліміздің барлық өңірінен келген делегаттар қатысты.

«Анаға тағзым» форумы – ана мәртебесін көтеріп, отбасы құндылықтарын дәріптейтін, ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелерін талқылайтын маңызды алаңдардың бірі. Биыл үшінші рет ұйымдастырылған республикалық форумның басты мақсаты – еліміздің рухани өміріндегі ананың биік мәртебесін айшықтау, ұлт тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жандардың еңбегін дәріптеу, олардың өнегесін кеңінен насихаттау, сондай-ақ отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені нығайту.

Жиында сөз алған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев форум жұмысына қатысып отырған қонақтарға Қызылорда жеріне арнайы ат ізін салып, шақыртуды қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей: «Анаға деген құрмет – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан тамыр тартқан асыл құндылықтарының бірі. Отбасы – ұлттың түпқазығы, ал ана – сол шаңырақтың шайқалмас тірегі».

Қызылорда қаласында аналардың құрметіне арналып салынған «Анаға тағзым», жас отбасылардың бақыт мекеніне айналған «Отбасы орталықтары» ел игілігіне қызмет етуде. Бұл ғимараттар арулар мен аналардың, жас отбасылардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасуына, отбасы институтын нығайтуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға мүмкіндік беріп келеді.

Бүгінде уақыт өзгерді. Цифрлық технологиялар қарыштап дамып, жасанды интеллект дәуірі келіп жетті. Ақпарат ағыны еселеп артты. Президентіміз айтқандай, бұл жаһандық өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа міндеттер де жүктейді.

Осындай кезеңде қоғам мен отбасындағы ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды әрі жауапты бола түсті. Цифрлық дәуірде ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбиені қатар беру – басты міндетіміз», – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі кезеңде ана тәрбиесінің мазмұны да жаңа сипатқа ие болып отыр. Бүгінде балаға дұрыс тәрбие беру тек күнделікті тұрмыстық дағдыларды қалыптастырумен шектелмейді. Баланың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернеттегі ақпаратты дұрыс қабылдауына ықпал ету, жалған ақпарат пен шынайы деректі ажырата білуіне бағыт-бағдар беру – ата-ананың, соның ішінде ананың маңызды міндеттерінің біріне айналды.

Цифрлық технологиялар баланың білім алуына, жаңа дүниені тануына, қабілетін дамытуына мол мүмкіндік береді. Алайда ақпараттың шектен тыс көптігі, әлеуметтік желілердің ықпалы, виртуалды ортадағы түрлі мазмұндар баланың психологиялық және рухани дамуына әсер етуі мүмкін. Сондықтан қазіргі ана баласының цифрлық әлемдегі әрекетін бақылап қана қоймай, онымен ашық сөйлесіп, сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет.

Осы тұрғыдан алғанда, «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбы бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Себебі ұлттың болашағы – отбасындағы тәрбиеге, ал отбасының берекесі мен бала тәрбиесінде ананың орны ерекше.

Форум барысында дәстүр сабақтастығы мен ұрпақтың бағдары, еліміздегі әйел ғалымдардың орны, қоғамдағы ана мен баланың жайы, талантты таныту, тұлғаны қалыптастырудағы ананың рөлі, отбасы құндылықтары, әйелдерге көрсетілетін қолдау, жаңа бастамалар және ана саулығы секілді маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.

Қатысушылар ұлттық тәрбиенің негізін сақтай отырып, оны қазіргі заман талаптарымен үйлестірудің маңыздылығына тоқталды. Қазақ қоғамында ана қашанда отбасының ұйытқысы, ұрпақтың тәрбиешісі, ұлттық құндылықтарды кейінгі буынға жеткізуші тұлға ретінде жоғары бағаланған. Бүгінгі таңда осы дәстүрді жаңа мазмұнмен жалғастыру – уақыт талабы.

Форумда сөз алған ғалым, биотехнолог, отандық «QazVac» вакцинасының авторы Күнсұлу Закария әйелдердің ғылымдағы орны мен қоғамның дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды. Ғылым жолын таңдап, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген әйелдердің жетістігі жас ұрпаққа үлгі екені айтылды.

Ал Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, «Аналар кеңесі» ұйымының төрайымы Назипа Шанаи ана институтының қоғамдағы рөліне, ұлттық тәрбие мен отбасы құндылықтарын дәріптеудегі аналар кеңестерінің жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, ұрпақ тәрбиесінде үлкендердің өмірлік тәжірибесін жас буынға жеткізудің маңызы зор.

Жиында ана мен бала денсаулығы да назардан тыс қалған жоқ. Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова ана денсаулығын қорғау, бала өмірінің алғашқы кезеңдеріндегі медициналық көмектің маңыздылығы және салауатты ұрпақ қалыптастыру мәселелері жөнінде ой бөлісті.

Форумның мазмұнын мәдени-рухани бағыттағы кездесулер де толықтырды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева мен әнші Мәдина Сәдуақасова өнердің, ұлттық мәдениеттің және рухани құндылықтардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне тоқталды. Өнер арқылы ұлттық болмысты, анаға деген құрметті, туған жерге деген сүйіспеншілікті жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңызы айтылды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жастар саясаты, отбасы құндылықтары және жас буынмен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстардың өзара сабақтастығына тоқталды. Қазіргі жастардың сұранысы мен өмір салты өзгеріп келе жатқан тұста отбасы институтын қолдауға бағытталған жаңа тәсілдердің қажеттілігі сөз болды.

Басқосу барысында аналардың қоғамдағы орнына қатысты түрлі пікірлер айтылып, отбасы мен мемлекеттік саясаттың өзара байланысы талқыланды. Қазіргі таңда әйелдердің білім алып, кәсіби тұрғыда дамуына, қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік мол. Сонымен қатар ана болу, бала тәрбиесі мен отбасы алдындағы жауапкершілік те өзінің маңызын жойған жоқ.

Осы ретте бүгінгі ананың алдында бір-бірімен сабақтас бірнеше міндет тұр. Бір жағынан, ол – отбасының берекесін сақтайтын тұлға болса, екінші жағынан, баласының заманауи білім алуына, технологияны дұрыс пайдалануына бағыт беретін тәлімгер. Сондықтан ана мәртебесін көтеру – тек әйелдер мәселесі емес, тұтас қоғамның болашағына қатысты маңызды мәселе.

Форум аясында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өңірлерде жүзеге асырылып жатқан отбасы және ана институтын қолдау бағытындағы жұмыстарымен бөлісті. Әр аймақтағы озық бастамаларды кеңінен насихаттау, тиімді жобаларды басқа өңірлерге енгізу, аналардың қоғамдық белсенділігін арттыру мәселелері де назарға алынды.

Қызылорда облысында да отбасы құндылықтарын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, жас отбасыларды қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қаламыздағы «Анаға тағзым» орталығы мен «Отбасы орталықтары» осы бағыттағы жұмыстардың маңызды алаңына айналып отыр. Мұнда аналар мен қыз-келіншектерге, жас отбасыларға түрлі бағытта қолдау көрсетіліп, тәрбиелік, мәдени және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылады.

«Анаға тағзым» республикалық форумы осындай игі бастамалардың аясын кеңейтіп, аналардың қоғамдағы рөлін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік берді. Форумның басты ерекшелігі – дәстүрлі құндылықтарды қазіргі заман талаптарымен ұштастырып, ана тәрбиесінің жаңа моделін талқылауында.

Бүгінгі қоғамға білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ қажет. Ал мұндай ұрпақтың қалыптасуында отбасының, ата-ананың, әсіресе ананың орны айрықша. Сондықтан анаға құрмет көрсету – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа жасалған инвестиция.

Форум қорытындысында қатысушылар отбасы құндылықтарын дәріптеу, аналардың қоғамдағы беделін арттыру, бала тәрбиесіне қатысты заманауи тәсілдерді дамыту, ана мен бала денсаулығын сақтау және цифрлық ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Республикалық форум өзара пікір алмасу, тәжірибе бөлісу және жаңа бастамаларға жол ашқан маңызды алаңға айналды. «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбы аясындағы талқылаулар қазіргі қоғамдағы ана рөлінің қаншалықты маңызды әрі жауапты екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Анаға тағзым ету – ұлтқа тағзым ету. Ана мәртебесін биіктету, отбасын нығайту және ұлттық тәрбиені ұлықтау арқылы елдің ертеңіне берік негіз қалыптастыруға болады. Осы бағыттағы игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.