"Жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр" - Зарина Карменнің бір ауыз сөзі дауға қалды

2 520

Русский перевод этой статьи пока не опубликован. Ниже — оригинал на казахском языке.

Фото: harpersbazaar.kzТанымал актриса Зарина Карменнің патриотизм туралы пікірі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Өнер иесінің бір ауыз сөзі желі қолданушыларының наразылығын тудырып, тіпті кейбірі оған бойкот жариялауға көшті, - деп  хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Дау Зарина Карменнің Threads желісіндегі қысқа жазбасынан басталды.

“Threads-те жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр”, – деп жазды актриса.

Оның бұл пікірі көпшіліктің көңілінен шықпады. Әсіресе мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды қорғап жүрген желі қолданушылары актрисаның сөзін өздеріне бағытталған сын ретінде қабылдаған.

Кейбірі оның бұған дейінгі шығармашылығын тілге тиек етіп, өзгелердің отаншылдығына баға беруге қаншалықты құқылы екенін сұраған.

“Актриса ретінде сыйлап, жетістігіне қуанатын едім. Соңғы жазбасы ұят болды. Тредстегі халықты менсінбей, не болса соған шулайды деп ойлайтын сияқтысыз. Осы желіде сіз менсінбеген адамдардың жазбаларынан қаншама мәселе көтеріліп, өз шешімін тапты. Сіздер шынайы патриотизммен не бітірдіңіздер?” – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір қолданушы әнші, актер және өзге де танымал тұлғаларды әлеуметтік желідегі қарапайым жұрттың пікіріне құрметпен қарауға шақырды.

“Әнші, актер, режиссер және басқалар, Threads жұртына тәкаппарлықпен қарауды қойыңыздар. Ертең әділетсіздікке ұрынсаңыздар, осы жұрт сіздерді ақтап алады, резонанс жасауға көмектеседі”, – делінген пікірде.

Дегенмен Зарина Карменді жақтағандар да табылды. Олардың айтуынша, желіде елдік мәселелерді көтеріп, ұрандататындардың бәрі бірдей шынайы өмірде сол ұстанымына сай әрекет ете бермейді.

“Зарина дұрыс айтып тұр емес пе? Интернетте жалған батыр болмаңдаршы. Шынайы өмірде осы батырлықты көрсете бермейміз”, “Көп адам қазақша жазайық, қазақша атайық дейді. Бірақ жазбаларының тең жартысы орысша сөздер. Үйлеріңде “мама, папа” деп жүрсіңдер ғой. Әлде өтірік пе?”, – деп жазды ол.

Қызу пікірталас мұнымен тоқтаған жоқ. Кейбір қолданушылар актриса түскен фильмдерді көрмейтінін айтып, оған бойкот жариялауға шақырды.Желіде сын күшейген соң Зарина Кармен алғашқы жазбасын өшіріп, не айтқысы келгенін түсіндірді. Оның сөзінше, бұл пікір шын мәнінде елдің мәселесіне алаңдап жүрген азаматтарға емес, қоғамдық тақырыптарды жеке танымалдылығын арттыру үшін пайдаланатын адамдарға арналған.

“Қандай ауыр сөздер жазасыздар… Адамдық қайда қалды сонда? Мен қайсыбіріңізге тиіп, “сен, сен” деп нұсқап, біреуді жеке айыптадым ба? Менің айтқаным – осындай мәселелерді пайдаланып, түрлі жолмен охват жинап, қаралым қуатын адамдар туралы. Өйткені ондайды көрдім, оқыдым. Көргенімді, байқағанымды ғана айттым”, – деп түсіндірді актриса.

Сондай-ақ ол алғашқы жазбасында ойын тым жалпылама жеткізген болуы мүмкін екенін мойындады. Алайда бұл айтқысы келген пікірінің мәнін өзгертпейтінін жеткізді.

“Иә, мүмкін, ойымды жалпылама жеткізген шығармын. Оны да түсінемін. Бірақ бұл менің айтқым келген ойымды жоққа шығармайды ғой. Шынайы шырылдап, жақсы жаққа өзгеріске өз үлесін қосып жатқан жандарға сый-құрметім ерекше”, – деді өнер иесі.

Актриса өзімен келіспейтін адамдарды да пікір білдіру кезінде әдеп сақтауға шақырды.

“Біреуге ауыр сөз жазбас бұрын, өзіңізді сол адамның орнына қойып көріңіз. Экранның ар жағында да сезімі бар адам отыр. Келіспеуге болады, сынауға да болады, бірақ адамдық шекарадан аттап өтпейікші. Сөздің де сұрауы бар”, – деп түйіндеді Зарина Кармен.

OpenNews
информационное агентство
Правовая информация

При использовании материалов ссылка на публикацию обязательна.

Информационный материал +18 предназначен для лиц в возрасте от 18 лет и старше.

Контакты

Нашли ошибку в тексте?
Выделите его и нажмите Ctrl + Enter .

Социальные сети

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - информационное агентство.